Жаңалықтар

Үкімет пен Ұлттық банк халықтың табысын жылдық инфляциядан асыруды көздеп отыр

Халықтың табысы инфялция өсімінене аса ала ма Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкімет пен Ұлттық банк алдағы жылдары халық табысын инфляциядан кемінде 2–3 пайыздық тармаққа асыруды мақсат етіп отыр. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл меже 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен бағдарламада бекітілген.

«Ұлттық Банк дезинфляциялық саясатын жалғастырады. Валюта нарығының теңгерімділігін қолдау үшін икемді бағам белгілеу саясаты жүргізіледі. Алтын сатып алуда валюталық операцияларды теңестіру жалғасады. Активтерді басқару шеңберінде Ұлттық қорда табыстылығы жоғары активтердің үлесі ұлғайтылады. Зейнетақы қорының кірістілігін арттыру бойынша жұмыс
жалғасады»,– деп тізбектеді бас банкир.

Сондай-ақ ол ағымдағы шот тапшылығы 2024 жылдың тоғыз айындағы (-) 4,0 млрд АҚШ долларынан 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша (-) 7,0 млрд АҚШ долларына дейін артқанын хабарлады. Бұл сауда балансы профицитінің қысқаруымен байланысты.

Тауарлар мен қызметтер экспорты 0,7%-ға қысқарып, 68 млрд АҚШ долларын құрады. Оған себеп – қара және түсті металдар, олардың кендері, сондай-ақ уран экспортының төмендеуі», – деп толықтырды Ұлттық банк төрағасы.

Жыл басынан бері тауарлар мен қызмет импорты 5,5%-ға өсіп, 57,5 млрд АҚШ долларына жетті. Импорттық өнімдерді ішкі тұтыну азық-түлік тауарлары бойынша 11,8%-ға, инвестициялық тауарлар бойынша 8%-ға және аралық тауарлар бойынша 9%-ға артты. Табыс балансының тапшылығы 2,7%-ға қысқарып, (-) 17,5 млрд АҚШ долларын құрады.

«Осылайша, сауда профицитінің қысқаруы төлем балансы мен айырбас бағамына қысым түсіріп отыр, – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Мақсат айқын: инфляцияны тежеу және азаматтардың нақты табысын тұрақты түрде арттыру. Алайда қазіргі статистика бұл жолдың оңай еместігін аңғартады.

Жалақы өскенімен, инфляциядан аса алмады

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында бойынша Қазақстанда орташа айлық номинал жалақы 433,3 мың теңгені құрады. Бір жылдағы өсім – 10,6%. Бірақ жылдық инфляцияны ескерсек, нақты жалақы 0,4%-ға төмендеген.

Осылайша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында нақты жалақысы қысқарған жалғыз мемлекет болып отыр. Ал көрші елдерде жағдай мүлде басқаша. Осы кезеңде:

  • Қырғызстанда нақты жалақы – 10,9%-ға,
  • Беларусьте – 10%-ға,
  • Ресейде 4,5%-ға өскен.

Бұл айырмашылық мәселе жалақы мөлшерінде ғана емес, экономикалық өсімнің құрылымында жатқанын көрсетеді.