Өзбекстан әлемдегі туристердің саны артып келе жатқан жеті елдің біріне айналды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі

Өзбекстан Еуропа аймағынан келетін туристер санының өсімі бойынша 2-орынға ие болды / фото: KursivMedia мұрағаты
Өзбекстан Еуропа аймағынан келетін туристер санының өсімі бойынша 2-орынға ие болды / фото: Kursiv.Media мұрағаты

Өзбекстан шетелдік туристерді тарту қарқыны бойынша әлемдегі ТОП-7 елдің қатарына енді.

БҰҰ-ның Туризм жөніндегі ұйымы жариялаған соңғы есепке сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы көрсеткіш осыны айғақтап отыр.

Kun.uz ақпаратына қарағанда, 2019 жылмен салыстырғанда халықаралық туристер саны 73%-ға артқан. Бұл елдің жаһандық туризм нарығындағы позициясы айтарлықтай күшейгенін көрсетеді.

Сонымен қатар Өзбекстан Еуропа аймағынан келетін туристер санының өсімі бойынша 2-орынға ие болды. 2025 жылдың алғашқы 9 айында шетелдік туристер саны 2024 жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен. Соның нәтижесінде ел Еуропа өңіріндегі ең қарқынды дамып жатқан ТОП-4 туристік бағыттың қатарына кірді.

БҰҰ дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әлемде халықаралық сапарлар орта есеппен 5 пайызға артқан.

2025 жылы ел жаңа рекордтар орнатты. 11 айда Өзбекстанға 10,7 млн-нан астам шетелдік турист келген. Ал сәуір айынан бастап ай сайынғы туристер саны алғаш рет 1 миллионнан асты. Туристік қызмет экспортының кірісі 4,4 млрд доллардан жоғары болды.

Туристер санының өсуі виза режимінің жеңілдетілуімен, көлік қолжетімділігінің артуымен және халықаралық маркетингтің күшеюімен байланысты. Қонақүйлер, туристік компаниялар мен сала мамандарының саны айтарлықтай артқан.

Самарқанд, Бұхара және Хиуа секілді тарихи қалалармен қатар, экологиялық және гастрономиялық туризм де танымал бола бастады. Алыс шетелдерден келетін туристер санының көбеюі Өзбекстанның өңірлік бағыттан жаһандық туристік орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.

Мұның алдында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Алматы қаласына 1,8 миллионнан астам адам турист болып келгені туралы ақпарат тарады.

Сондай-ақ оқыңыз