Электр энергиясын ешкімнен сатып алмау керек – Президент

Тоқаев Ақордада жиын өткізіп, энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Сөзінде электр қуаты қауіпсіздік мәселесі деп атап өтіп, оны басқа елдерден сатып алмау керек деп ескертті.
«Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн», – деді ол.
Тоқаев «таза көмір» технологиясына тезірек көшу керек деген тапсырмасын орындау тым созылып кеткенін айтып, ескерту жасады.
«Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды, – деді президент.
Қазақстан электр қуатын көрші елдерден тасымалдайтыны рас. Негізінен Ресейден тасымалдайды. Импортқа тәуелділік биыл ерекше артқаны байқалды.
Сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан да тасымалдайды.