Қазақстан білім саласына қанша қаражат құяды

Қазақстан жыл сайын әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет шығынын арттырып келеді. Соның ішінде білім саласына қаншалықты көбейтіп жатыр? Бұл сұрақты Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Kursiv.Media тілшісі Қаржы вице-министрі Ержан Біржановқа қойды.
Білім саласына бюджет шығыны 2026 жылы қаншаға өседі? Жалпы оқу-ағарту министрлігі нақты қандай бағытта шығындарды арттыру үшін бюджетке өтінім берді? Әуелі вице-министрге осы сұрақ қойылды. Ержан Біржанов келесі жылдың шығындары автоматтандырылып жатқанын, әлеуметтік салаға 10,72 трлн теңге берілетінін айтты.
«Оқу-ағарту шаралары жайлы айтар болсақ, көп шығындарды өңірлерге бердік. Орталық органға әдістеме жағынан жұмыстар жүргізу үшін, құжаттарды дайындау үшін 2026 жылы 84 млрд теңге, 2027 жылы 84 млрд теңге бөлдік. Осы қаржыландыруды өңірлерге субвенция беру арқылы іске асырып жатырмыз. Келесі жылы 5,1 трлн теңгені өңірлерге жібереміз. Соның ішінде оқу-ағарту шығындары да бар», – дейді ол.
Ержан Біржановтың айтуынша, 2025 жылы әлеуметтік сала шығындары 10,49 трлн теңге болған. Яғни, 2026 жылы бұл шығын 226 млрд теңгеге ұлғаяды.
Білім бюджетін бекіткенде сынып жетекшілеріне үстемақы беру мәселесі есепке алынды ма? Бұл сұраққа Ержан Біржанов жауапты өкілетті орган беретінін айтып, нақты жауап бере алмады. «Бұл бағытта өтінім түсті ме?» деген сұраққа әдістеме бойынша өтінімдер қаралатынын, «ондай құжаттар бар-жоғын» келесі жылы көретінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Kursiv. Media тілшісі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан сынып жетекшілердің үстемеақысы жайлы сұраған. Министр бәрі қаржыға тіреліп тұрғанын айтқан еді.