Шағын дүкендерде әлеуметтік азық-түлік бағасын шектеуді тоқтату керек – депутат

Мәжіліс депутаты, Ақжол фракциясының өкілі Олжас Нұралдинов шағын дүкендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қойылатын әкімшілік баға реттеуінен босатуды ұсынды.
Депутаттың мәлімдеуінше, әлеуметтік өнімдер тізімінің кеңеюі шағын сауда нүктелерінің жабылуына әкелуі мүмкін.
«Бұл форматтағы дүкендердің экономикалық моделі әкімшілік бақылауға өте сезімтал. Салалық деректер бойынша, олардың орташа маржасы 2-8 пайыз аралығында, ол тек жалдау ақысы, еңбекақы, логистика және коммуналдық шығындарды өтеуге ғана жеткілікті. Тізімге енгізілгелі отырған қосымша 14 тауар тез бүлінетін өнімдерге жататынын да атап өткен жөн. Олар арнайы сақтау талаптарын қажет етеді және жарамдылық мерзімі қысқа болғандықтан, бұл тауарлардың шығынға кету көлемін арттырып, қосымша залалға әкеледі», – дейді депутат.
Кәсіпкерлердің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізімі 19-дан 33-ке көбеймек. Баға шектеуі сол күйі қалады. Осындай жағдайда шағын дүкендердің шығыны артады. Шығын көбейген соң олар жұмысын жалғастыра алмай қалады.
«Шағын дүкен баға шектеуіне бағынышты»
Мәселені тұрақтандыру үшін депутат әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізімін тек ірі сауда желілеріне кеңейтуді немесе шағын дүкендерге СПК арқылы арзан тауар сатып алу мүмкіндігін беруді ұсынды.
Осыған орай «Ақ жол» фракциясы үш ұсыныс жасады:
- Әлеуметтік маңызы бар 33 тауардан тұратын кеңейтілген тізімді тек ірі сауда желілеріне қолдану;
- «Үй жанындағы дүкендерді» әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қатысты әкімшілік сауда үстемесін реттеу талаптарынан босату;
- Егер реттеу сақталатын болса, шағын дүкендерге СПК арқылы арзан тауар сатып алу мүмкіндігін және отандық өндірушілермен тікелей жұмыс істеуге қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
Айта кетейік, бұған дейін елде тағы 14 тауар әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне енгізілуі мүмкін екенін жазған едік.