Шымкентте екі саябақтың атракциондары толық сүрілді, орнына не салады

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Шымкенттегі «Қиял әлемі» және «Кең баба» саябағындағы заңсыз салынған ғимараттар мен атракциондар сүріліп бітті. Енді оның орнына жаңа саябақ бой көтермек.

Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алдияр Мұсаев өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтқанындай, «Қиял әлемі» саябағын бұзу жұмысы толық аяқталған.

«Жер атракцион қоюға емес, саябақ салуға берілген. Яғни, нысаналы мақсаты саябаққа арналған. Десе де онда атракционнан бөлек, дүңгіршектер қойып кәдімгідей базарға айналдырып жіберген. Кәсіпкерлерді тартып, сауда жасаған» дейді басқарма басшысының орынбасары.

Ресми мәліметке қарағанда, саябақ аймағы 4 гектарға жуықтайды. Мемлекет кәсіпкерге 49 жылға жалға берген. Алайда жалға беру уақыты ақталмай, учаске сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Мұсаевтың сөзінше, жаңа саябақтың құжаттары дайындалып жатыр. Оның қалай болатыны жөнінде қала басшылығының жоспары бар. Бұл үшін бюджеттен ақша бөлінбейді. Қайта жаңарту ісі демеушілердің есебінен жүргізіледі. Қиял әлемінен бөлек, Кең баба саябағы да мемлекет меншігіне қайтарылған. Мұнда да артық ғимараттарды сүру ісі аяқталған.

«Кеңбаба» саябағында да сүру жұмысы аяқталды. Бірақ саябақ ішіндегі тарихи ғимараттар мен ағаштардың бірде-бірін түрткен жоқпыз. Сол қалпы орнында қалды» деді Алдияр Мұсаев.

Айта кетейік, 27 мамыр күні сот орындаушылары «Қиял әлемі» саябағындағы атракциондар мен ғимараттарды сүре бастаған. Оған қала тұрғындары мен саябақта нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер мен олардың жұмысшылары қарсы шыққан еді. Бұған дейін кәсіпкерлерге мүлкін алып кету үшін 3 ай уақыт берілген. Саябақтың жұмыс істеп тұрғанына 25 жыл болған.

Сондай-ақ оқыңыз