Шымкентте мас зейнеткер 12 жасар баланы соққыға жықты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Зейнеткердің айтуынша, бала оған «ала көзбен» қарапты / фото: shutterstock, бильд-редактор: Дина Карамчакова
Зейнеткердің айтуынша, бала оған «ала көзбен» қарапты / фото: shutterstock, бильд-редактор: Дина Карамчакова

Шымкентте 63 жастағы зейнеткер Жамбыл С. жақтырмай қарағаны үшін  аулада ойнап жүрген 12 жасар баланы соққыға жыққан.

Бұл туралы Hronika жазды.

Зейнеткердің айтуынша, бала оған «ала көзбен» қарапты. Ескерту жасаған кезде балақай қарсы жауап қайтарған. Ашуға булыққан Жамбыл жасөспірімді ұстап алып, қолын қайырып, кеудесінен, желкесінен, оң құлағынан және бетінен ұрып, кейін жерге алып ұрған.

Осыдан кейін жанжалға баланың анасы араласып, дереу полиция шақырған. Зейнеткер оқиға орнында ұсталған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған баланың денесінен кеуде қуысының алдыңғы бетінде қан құйылу, кеудесінде және сол жақ иық буынында көгерген іздер, бел тұсының сол жақ бүйірінде сыдырылу анықталған. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, бұл жарақаттар «адам денсаулығына зиян келтірмейтін» санатқа жатқызылған. Жамбылға кәмелетке толмаған адамды әдейі ұрып-соққаны үшін қылмыстық іс қозғалған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында айыпталушы жәбірленуші тараптан кешірім сұрап, келтірілген шығынды өтеген. Сотта ол өз кінәсін толық мойындады. Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері – ата-анасы мен айыпталушы татуласқанын, оған ешқандай талап-арыздары жоқ екенін айтып, істі тоқтату жөнінде өтініш білдірді.

Тараптардың татуласуына байланысты сот істі тоқтату және сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы шешім шығарды. Сонымен бірге ер адамға үш ай бойы жәбірленушімен кездесуге тыйым салынды.

Аталған шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Мұның алдында мұғалімнің жеті сынып оқушысымен төбелескені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз