Lifestyle

Шыққанына бір-ақ апта болған «Руың кім» комедиясын прокаттан алып тастады

Руың кім комедиясы
фото: «Руың кім» комедиясының постери

10 желтоқсанда жарыққа шыққан «Руың кім» комедиясы прокаттан алынып тасталды. Фильмнің 18 желтоқсаннан кейін кинотеатрда көрсетілмейтіні жайлы Tiger Films продюссерлік орталығы ресми хабарлады.

«Руың кім» фильмі 18 желтоқсаннан бастап белгілі бір себептерге байланысты еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуін тоқтатады. Бізбен бірге болып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін мың алғыс», – деп жазылған ресми парақшада.

Фильмде басты рөлдердің бірін сомадаған актер Қайрат Әділгерейдің сөзінше, картина рулық араздықты қоздыруы мүмкін деген қауіп бар.

«Біреулердің ойынша, кино рулық араздық тудырып жатыр екен. Негізі шын мәнінде, руға бөлінбейік, тату болайық деп бірлікке шақыратын кино. Тизерлерге қарап кейбіреулер дұрыс түсінбей жатыр. Сондықтан барып, бастан-аяқ қараған дұрыс. Киноны толық көрмейінше, қандай месседж бар екенін білмейді», – деді ол сторисінде.

Фильм жақсы касса жасай бастаған еді. Прокатқа шыққан бір апта ішінде  208 млн теңгеден аса қаржы жинады. Комедияны Tiger Films орталығы түсірді. Бас продюссері – Ерлан Бұхарбаев, сценарийін жазғандар – Нұржан Еркінұлы, Жалғас Елеусінов. Қоюшы режиссер – Жұмақан Асет.

Осыған дейін  «Ауру» фильмі премьерадан кейін, цензураға ұшыраған еді. Картинадағы зорлық-зомбылық сахналарына байланысты 21+ деңгейі қойылып, кинотеатрда тек 22:00-ден кейін көрсетілді.