Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жайлы Сіз білмейтін жеті дерек

Қазақстандағы ең ірі қаланы басқаратын Дархан Сатыбалды өте сирек сұхбат береді – оған уақыты жоқ. Алматы әкімінің кім, қандай адам екені туралы мәлімет аз. Ресми ақпарат 51 жастағы шенеуніктің атқарып жүрген жұмысынан ғана хабардар етеді. Kursiv.Media тілшісі саясаткерді жақын танитын адамдармен сөйлесіп, көпшілік біле бермейтін жеті деректі анықтады.
Ерте тұрған еркектің ырысы артық
Дархан Сатыбалды таңғы сағат алтыда жұмысқа келіп отырады, ал сағат сегізде жиналыс өткізе бастайды. Соған әбден дағдыланған, дейді дереккөз. Жалпы оңтүстіктің тұрғындары таң атпастан оянып, шаруаны ерте бітіруге бейім. Сарыағашта туған еңбекқор Сатыбалдының сегіз сағаттан артық жұмыс істеуді жөн көре бермейтін алматылықтарға қалай шыдап жүргені өзіне ғана аян.
Оның үстіне бұрынғы жұмысына жаяу барып, шағын қаланы да көліксіз аралағанға үйренген адамның үлкен мегаполистің қым-қуыт тіршілігіне қалай бейімделіп жатқаны әкімнің жақын таныстары үшін де үлкен жұмбақ.
«Жолда шемішке шағып тұрған балаларды көрсе, солардың қасына барып, бір сағат бойы тәрбие сабағын өткізіп тұрады», – дейді әкімнен талай ақыл естіген бір адам.
Иманды әкім
Сатыбалдының ерте бастан жұмыста отыруының тағы бір себебі – ол таңертең сағат бесте таң намазына оянады. Қала басшысын жақсы танитындардың айтуынша, Дарханның намазға жығылғанына көп болған. Өзі де, әйелі де өте иманды. Үй тіршілігімен ғана айналысатын әйелі Жанар Мекембаева оңтүстіктің салтына сай қазақы орамал (жабық хиджаб емес) тағып жүреді. Үш қызы, жалғыз ұлы бар. Бәрі оқымысты. Қыздары тәрбиелі, ұлы қарапайым орта мектепте оқиды.

Жұмысбасты адамның бес уақыт намазға қалай үлгеретіні белгісіз, бірақ Сатыбалдының көлігінде бір жайнамаз, кабинетінде бір жайнамаз бар. Жұма намазға да жиі барып тұрады.
«Қылует» жерасты мешітінің құрылысы ұзақ жылдар бойы бітпей, құрылысы тоқтап тұрған. Соны да осы кісі аяқтатты», – дейді дереккөз.
Түркістан қаласында 500 адамға арналған жерасты мешіті келесі аптада ашылғалы жатыр.
Сатыбалдының жұмыс компьютеріндегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің суреті де оның иманды әкім екендігінен хабардар етіп тұрғандай. Дегенмен оны асыра діндар адам деп айта алмаймыз. Мәселен, былтыр әкім Қазығұрт ауданына барғанда «48 мешіт болса, 48 фабрика да болуы керек» деп кесіп айтқан. Оның үстіне, Алматы әкімдігінің Сатыбалды келгелі таратқан ресми мәліметтерінде дін, мешіт туралы бір ауыз сөз кездеспейді.
Қайырымды ісін көрсетпейтін әкім
Білетіндердің айтуынша, Дархан өте көп қайырымдылық іс тындырып жүр, бірақ онысын ешкімге көрсетпей жасағанды ұнатады. Қарамағындағы адамдарға соның бәрін айтуға, жариялауға рұқсат етпейді.
Қайырымды ісі үшін мемлекет ақшасын шығындамайды, өз қалтасынан шығарады немесе демеуші тауып береді, дейді дереккөз.
Мәселен, лейкемияға шалдыққан бір науқастың емін түгел өзі көтерген. Соны жақсы білетін тұрғындар оның Instagram-дағы парағына жиі жазып, көмек сұрап жатады.
Әкім туған жеріне қамқорлық жасағанды жөн көреді, басқаларды да соған үгіттейді.
«Сендер осы жерде өсіп-өндіңдер, қазір Forbes тізімінде жүрсіңдер. Бірақ ауылды ұмытпаңдар», – дейтін көрінеді ауылдан шыққан ірі шенеунік.

Сыр бермейтін сабырлы әкім
Көпшілік оны сабырлы саясаткер деп біледі. Бұған дейінгі әкімнің шырт-пырт мінезіне үйреніп қалған түркістандықтар ешқашан сыр білдірмейтін, тіпті ашуланбайтын Сатыбалдыға қайран қалған.
«Өрт боп жатса да, дүние қопарылып кетсе де мәселені ақылмен, сабырмен шешеді. Қайта қарамағындағы адамдарға басу айтады», – дейді онымен бірге істеген бір адам.
Дегенмен Дархан талапшыл әкім болып шықты. Тұрғындармен жиі кездесетіндіктен, жеңіл мәселені сол арады шешіп береді. Ал уақыт талап ететін күрделі іс бойынша тапсырма беріп, оны бітіру мерзімін де белгілеп қояды. Басқа да шаруасы көп болғанына қарамастан, әр тапсырманың атқарылуын өзі қадағалап отырады, дейді әкімнің жұмыс істеу әдісін білетіндер.
Басқа әкімдер секілді өз адамдарын тартпайды
Қазақстанда басшы ауысса, оның артынан командасы да қоса кететін жағымсыз үрдіс бар. Білетіндердің айтуынша, Сатыбалды мұндай қылықтан ада. Ол Түркістан облысына әкім боп барғанда, Алматы қаласына ауысқанда да өз адамдарын тартып әуре болмады.
«Ешкімді орнынан қозғаған жоқ. Кететін адам өздігімен кетті, жұмыс істеймін деген адамның ешқайсысын орнынан алмады. Алматыға да өзі ғана келді», – дейді әкімдіктердегі ауыс-түйістен хабардар дереккөз.
Содан да болса керек, түркістандықтар онымен жылап қоштасқан.
«Мен білетін ең үлкен қасиеттерінің бірі – өте таза жұмыс істейді. Түрлі махинация, тендер дегендерге мүлдем жоламайды», – дейді Дарханды жақсы танитын кісі.
Оның айтуынша, Сатыбалды өзі жүрген жерге кәсіпкер бауырларын мүлдем жолатпайды.
Instagram-дағы парағын кім жүргізеді?
Еңбекқор әкімнің әлеуметтік желі жүргізуге уақыты жоқ. Сол себепті оның желідегі жалғыз ғана аккаунты – Instagram-дағы парағын баспасөз қызметіндегілер толтырады. Сондықтан желіде әкімнің жеке өміріне қатысты мәлімет мүлдем жарияланбайды.
Бірақ, дереккөздердің айтуынша, Дархан «жеке» парағының қалай жылжып жатқанын сырттай бақылап, идея тастап, қателерін түзетіп отырады. Ал көпшілік атына түскен арыз-шағымдарды, өтініштерді, жекеге жазған хаттарды да баспасөз қызметіндегілер қағаз бетіне түсіріп, әкімге жеткізеді.
Қазір оның парағына 105 мың адам жазылған. Сатыбалдының өзі кейбір шенеунікке, Ақорда секілді мемлекеттік мекемелерге, Димаш Құдайберген, Нұрлан Қоянбаев, Ильян Ильин сияқты танымал тұлғаларға, сонымен бірге көкпарға қатысты бірнеше аккаунтқа жазылған.

Қара белбеу иесі
Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын Дархан Амангелдіұлы өзі де спортпен шұғылданғанды ұнатады. Алматы әкімі каратенің «қара белбеу» иегері. Оны жас кезінде алған, жарыстарға қатысқан. Бұған қоса, әкім үлкен теннис ойнағанды ұнататыны мәлім болды. Бірақ дереккөздер оның қай теннисшінің жанкүйері екенін ашып айта алмады.
Дархан Сатыбалды 2025 жылғы мамырда Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол Түркістан облысы мен Шымкент қалаларын басқарды.