
Air Astana акцияларының 16,95%-на ие BAE Systems ағылшын компаниясы әуе компаниясындағы үлесін шамамен екі есеге қысқартатынын мәлімдеді. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
BAE авиақұрылыс компаниясы 2001 жылы Air Astana құрылған уақытта оның серіктесі болған. Әуе компаниясының құнды қағаздарының шамамен 17%-ын ұстап отырған ағылшындар енді солардың шамамен жартысын сатуды көздейді.
Компания оларды ғаламдық депозитарлық қолхат (GDR) түрінде сатады. 1 GDR әуе компаниясының төрт акциясына тең. Сауда жүзеге асқан уақытта, BAE Systems үлесі екі есе азаяды.
BAE ұшақтар, қорғаныс жүйелері және әскери техника жасаумен айналысатын компания. Air Astana оның серіктесі болғанымен, қазір ағылшындар жолаушы тасымалына айтарлықтай басымдық беріп отырған жоқ.
24 жыл бұрын BAE қазақ әуе компаниясының құрылуына шамамен 10 млн доллар инвестиция салған. Сол кезде ағылшындар Қазақстанның радиолокация жүйесін сату тендеріне қатысқан.
BAE құнды қағаздарды сатудан шамамен 170-200 млн доллар пайда түсіруі мүмкін. Лондон биржасында 1 GDR шамамен 6-6,8 доллар тұрады.
Қазақстан қор биржасының (KASE) 17 желтоқсандағы мәліметінше, қазір Air Astana әуе компаниясының акцияларын төрт ірі акционер ұстап отыр. Олар:
- «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры – 41%;
- Citibank – 20,85%;
- BAE Systems – 16,95%;
- Бірыңғай жинақ зейнетақы қоры (БЖЗҚ) – 6,51%.
2025 жылы Air Astana ұшақ моторындағы ақау салдарынан 25,5 млн доллар жоғалтты.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қазанның басында Air Astana бас директоры Питер Фостер 2026 жылы қызметінен кететіні мәлім болды. Оның орнына түрік азаматы Ибрагим Жанлыел келеді.
Бұған дейін Kursiv.Media топ-менеджердің қызметтен кетуіне компаниядағы ұрлық әсер еткен-етпегенін анықтауға тырысқан.