Сарым: дрондар шабуылын құптағандар «террорист», «сатқын» ретінде жауапқа тартылсын

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
депутат Айдос Сарым КҚК дрондар шабуылы
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Әхтәм Зиперов

Айдос Сарым Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) жасалған дрондар шабуылын құптаған азаматтарды «террорист», «сатқын» ретінде жауапқа тарту керек деп есептейді. Мәжілістің 17 желтоқсандағы жалпы отырысында депутат «Аманат» партиясы мүшелерінің үкіметке сауалын оқып берді.

Парламенттің төменгі палатасы өкілінің мәлімдеуінше, 2025 жылғы қарашаның аяғында «Қазақстан экономикасының қауіпсіздігі үлкен қауіпке тап болды». Дрондардың КҚК-ның Новороссийскідегі терминалына жасаған шабуылы салдарынан танкерлерге мұнай толтыратын құрылғы істен шықты.

«КҚК арқылы жылдық түсім 30 млрд доллар. Соның үштен бірі Қазақстан Ұлттық қорына түсіп, елдің салық түсімінің шамамен 20%-ын жабады. Мамандар есептеуінше, экспорт бір кідірсе, шығын 500 млн долларға жетуі мүмкін», – дейді Сарым.

Дрондардың 27 қарашадағы шабуылы елдің ішкі мәселелерін ашып бергенін айтқан депутат әрі қарай әлеуметтік желідегі белсенділерге шүйлікті.

«Әлеуметтік желілерде азаматтар мемлекет үшін аса маңызды инфрақұрылымға жасалған шабуылды ашық қолдайтын, құптайтын жазбалар жарияланып жатыр», – деді ол.

Алайда ол осындай жазба жариялаған азаматтардың аты-жөнін атамады. Депутаттың пікірінше, «мұндай әрекет Қазақстанның ұлттық мүддесіне тікелей қайшы келеді». Соған байланысты Сарым жазба авторларын «терроризмді насихаттау«, «террорлық акт жасауға үндеу«, «сатқындық» баптарымен жазаға тартуды сұрады.

Билік басындағы партия өкілдерінің депутаттық сауалы Бас прокурор Берік Асыловқа, вице-премьер Аида Балаеваға жолданды.

Сондай-ақ оқыңыз