Үкімет мақтанған 6,4% өсім азық-түлікті арзандата ма – вице-министр жауабы

Үкіметте бүгін осы жылдың 11 айындағы экономикалық өсім 6,4 пайызға жеткені жайлы есеп берілді. Мұны көп басылым қазіргі кабминнің басты жетістігі ретінде таратып жатыр. Әйтсе де, осынау өсім қарапайым халықтың өміріне қаншалықты оң әсер етеді? Бұл сұрақты Kursivmedia тілшісі Қаржы вице-министрі Ержан Біржановқа қойды.
«Өсім қазір емес, болашақта сезіледі»
Вице-министрдің айтуынша, мұнай бағасының құлдырауына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсім көрсетіп отыр. Ол өсімнің негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы, сауда және ішкі өндіріс қамтамасыз етіп жатқанын айтты.
«Біз экономикалық өсу қарқынын көріп жатырмыз. Мәселен, тауарлар базасы төмендеп жатыр. Мұнайдың бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болды. Мысалы, биыл 75 пайыз деп жоспарлаған едік, бірақ он бір айдың қорытындысы бойынша 69,6 долларды құрады. Соған қарамастан былтыр 12 долларға төмендеді. Бізде басқа бағыттарда, мәселен, ауыл шаруашылығы, сату саласы бойынша және ішкі өндіру бағыттары бойынша экономикалық өсім жоғарылап келе жатыр. Жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр. Жұмыс орындары көбейіп, жалақы өседі. Экономикалық өсімнің әсері бүгін бірден сезілмейді, болашақта болады», – деді Біржанов.
Азық-түлік бағасына әсер ете ме
Вице-министрге «6,4 пайыз экономикалық өсім азық-түлік бағасын төмендете ме» деген сауал да қойылды.
Ержан Біржановтың сөзінше, азық-түлік бағасына әлемдік нарықтағы жағдай тікелей әсер етеді. Егер сыртқы нарықта баға өссе, Қазақстан оған толық ықпал ете алмайды.
«Егер әлемде кейбір өнімдер бойынша баға жоғарыласа, бізде оған әсер ету қиын. Біз өз өндірісімізді күшейтуіміз керек. Сондықтан келесі жылдың бюджетінде бізде ауыл шаруашылық бағытына қаржы көп көзделген. Иә, мемлекет тарапынан қыруар триллиондаған қаржы осы бағыттарға беріліп жатыр. Бірақ болашақта азық-түліктің де бағасын төмендетуге, инфляцияға да әсерін тигізеді», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет экономика өсімі 6,4% деп есеп берген еді.