
Қазақстан экономикасы биыл 11 айдың қорытындысы бойынша 6,4% өсім көрсеткенімен, бірқатар салада баяулау байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, сауда, құрылыс және көлік қызметтеріндегі өсім қарқыны төмендеген. Сонымен бірге металлургия өнеркәсібінің баяулауы – экономика үшін ерекше қауіп, себебі бұл сала негізгі тіректердің бірі саналады. Премьер-министр жыл қорытындысында жалпы өсімді сақтап қалу қажет екенін айтты.
Азық-түлік инфляциясы
Бектенов соңғы екі айда инфляция 12,4%-ға дейін төмендегенін атап өтті. Алайда кей өңірлерде, әсіресе, Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында, инфляция керісінше өсіп отыр. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы.
Премьер-министрдің айтуынша, әкімдіктерде бағаны ұстап тұруға арналған қажетті құралдардың бәрі бар, бірақ олардың жұмыс қарқыны жеткіліксіз.
«Жұмысты күшейтіңдер», – деп қатаң талап қойды Бектенов.
Премьер-министр тапсырмасы бойынша:
- Сауда министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейтуі тиіс;
- Бұл қадам қосымша өнім түрлерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді;
- Еттің және ет өнімдерінің қымбаттауына ерекше назар аудару қажет;
- Астанада қолданылған арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл өңірлерге енгізу ұсынылды.
Бектенов инфляциялық қысымды төмендету үшін 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бағдарлама толық көлемде орындалуы тиіс екенін айтты.