Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы тек қағаз жүзінде көтерілді – депутат

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Елімізде әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңге ғана. Бұл әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына жұмысқа тартуда үлкен кедергі. Осының салдарынан елдегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде мамандар жетіспейді. Мұндай деректерді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев келтірді.

Депутаттың айтуынша, үкіметтің әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы жөнінде берген жауабында олардың айлығы соңғы жылдары екі есеге артты деген мәлімдеме жиі кездеседі. Жауап хатта 2021 жылы жалақы 40%-ға өсті, ал соңғы 4 жылда екі есе өскені жазылған. Сәрсенғалиев бұл сандар қағазда ғана екенін мәлімдеді.

«Бірақ сол жалақыны балалары тастап кеткен қарияларға қарайтын әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар мен ерекше балаларды емдеумен, оларды аяққа тұрғызумен шұғылданатын мекемелердің қызметкерлері көрді ме екен? Оларға  айтылғандай айлық берді ме екен? Себебі бұл еліміздегі 500-ден астам әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 10 мыңнан аса әлеуметтік қызметкердің жанайқайы,» делінген депутаттық сауалда.

Нартай Сәрсенғалиев Астанадағы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы жағдай шындықтан алшақ екенін айтады. Ол «Шарапат», «Жансая» сынды орталықтарға барып, әлеуметтік қызметкерлердің жағдайын өз көзімен көргенін жеткізді. Арнайы мекемелерде ерекше балалармен жұмыс істейтін, оларды емдейтін, жаттықтыратын әлеуметтік қызметкерлердің орташа жалақысы 180 мың теңге ғана екенін анықтаған. Осы себепті соңғы бір жарым жылда 110 қызметкер жұмыстан шығып, қазір бір орталықта 50 штат бос тұрғаны айтылады.

«Ал қамкөңіл қариялардың жағдайын жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңге. Салдарынан ол жаққа ешкім жұмысқа бармайды. Бұл тек Астанадағы емес, еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тән жағдай екенін еске саламын», – деп толықтырды депутат.

Депутат бұл мәселені шешу үшін нақты ұсыныстарын айтты:

  • Үкіметтің 1193 бұйрығын өзгертіп, күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік консультанттар және орта медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажет.
  • Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ретінде қайта құру мәселесін қарастыру керек.
  • Қосымша ақылы қызмет көрсетуге мүмкіндік беру қажет. Мысалы, Астанадағы «Шарапат» орталығында ақылы түрде тұратын қариялардан түскен қаражат қызметкерлердің жалақысын арттыруға бағытталмайды. Осы жағдайды өзгертіп, қосымша табысты жалақыға жұмсауға рұқсат беру керек.
  • «Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкер» деген лауазымдық атауды «Әлеуметтік қызметкер» деп өзгерту – бұл мамандардың өз талабы.

Айта кетейік, ресми дерекке сүйенсек, ел бойынша орташа айлық жалақы 429 368 теңгеге жетті. Жалақының медиандық мәні – 302 584 теңге болды.

Сондай-ақ оқыңыз