
Еуропалық комиссия іштен жану қозғалтқышымен ғана жұмыс істейтін автокөліктерге 2035 жылдан бастап енгізілуі тиіс болған тыйымды алып тастады. Енді Еуроодақта автокөлік өндірушілерге қойылатын жаңа талаптар енгізілді.
Комиссия жоспары бойынша автокөлік компаниялары 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда көмірқышқыл газ шығарындыларын 90%-ға азайтуы қажет. Компаниялар 2035 жылдан кейін де іштен жану қозғалтқышы бар көліктерді сата алады. Алайда бұл үшін олар көмірқышқыл газын аз бөлетін болат түрлерін немесе синтетикалық отын, биототын сияқты экологияға зияны аз энергия көздерін пайдалануы керек.
Сонымен бірге, «икемді механизмдерді» пайдаланатын өндірушілер өз шығарындыларын тек электромобилдер шығарумен шектелген брендтермен (мысалы, Tesla немесе Polestar секілді) біріктіре алмайды. Яғни, әр компания мақсатты көрсеткіштерге жеке өзі жетуі керек.
Еуроодақта әр ел үшін электромобильдер санын арттыру бойынша жеке мақсатты көрсеткіш белгіленеді. Сонымен қатар ұзындығы 4,2 метрден аспайтын шағын көліктердің (жапондық кей-карларға ұқсас) жаңа санаты енгізіледі. Бұл көліктер үшін арнайы 1,3 коэффициенті есепке алынады. Яғни, 10 осындай шағын электромобиль 13 көлік ретінде есептеледі.
Еске салайық, осыған дейін 2030 жылдан бастап Еуроодақ аумағында автокөлік жалдау компанияларына бензин мен дизельмен жүретін көліктерді сатып алуға тыйым салынуы мүмкін екені жайлы жазған едік.