
Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Франция арасындағы реадмиссия туралы келісімді ратификациялады. Бұл келісім екі ел аумағында заңсыз жүрген адамдарды депортациялау процесін жеңілдетуге бағытталған.
Миграциялық бақылау ережелерін бұзғандарға қатысты
Аталған құжат 2024 жылғы 5 қарашада Парижде қол қойылған. Бұл келісімнің негізгі мақсаты – ұлттық заңнамалар талаптарын бұзып екі елдің аумағында жүрген адамдарды реадмиссиялау мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастыққа құқықтық негіз қалау. Құжатта осы елдер аумағында болу шарттарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, айталық құжатын жоғалтқан адамдарды өз еліне қайтару қарастырылған
«Қазақстан азаматтары Франция аумағында жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан жағдайда немесе ол елде заңсыз жүргені анықталса, санкция қолданылмай, елге қайта алады. Бұл ретте Францияның Ішкі істер министрлігі оларды құжаттандыру және елге оралу рәсімдерін жеңілдету бойынша көмек көрсетеді», – делінген Мәжіліс хабарламасында.
Транзит мәселесі
Келісім сондай-ақ үшінші елдердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды транзит арқылы өткізу мен елге қайтару тәртібін де реттейді.
Реадмиссия – бұл бір мемлекеттің екінші ел аумағында заңсыз жүрген өз азаматтарын кері қабылдауы. Қазақстан мұндай келісімді 22 елмен жасасқан. Өткен бір жылдың ішінде осындай 273 өтініш қаралған.