
Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс. Осылай деп мәлімдеген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қоғамда ру мен жікке бөлінетіндер қарасы көбейіп бара жатқанын айтты.
Футболка мен шапандарға ру атауын жазатындар көбейді
Мәжілісмен соңғы кездері қоғамда бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үдеріс күшейіп келе жатқанын айтады.
«Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығаруда», – деді депутат Олжас Бектеновке жолдаған сауалында.
Депутат атап өткендей, әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті. Сондай-ақ ол ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденцияның киноға да жеткенін атап өтті. Осы орайда Саиров 10 желтоқсанда жарыққа шыққан «Руың кім» комедиясын меңзеп, оған қатысты да өз пікірін білдірді.
«Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық?«, – деді депутат.
Түбі жақсылыққа әкелмейді…
Депутат ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау, түбі жақсылыққа әкелмейді деп санайды.
Творчестволық бостандық қажет. Бірақ творчестволық бостандық мына алай-дүлей заманда, ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс. Жасөспірімдер үшін кино және медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Данышпан Абай «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп бекер айтпаған. Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс, – деп мәлімдеді ол.
Депутат ұсынысы
Осы орайда депутат ұлт ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын, арандатушылық материалдарға тыйым салуды талап етті.
- Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды түрде іске асыру қажет.
- «Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керек.
- Мәдени салада, әлеуметтік желіде, Қазақстанның барлық халықтарының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы контентті көбейтуге кірісуге тиіспіз.
Еске салайық, 10 желтоқсанда жарыққа шыққан «Руың кім» комедиясы прокаттан алынып тасталды. Tiger Films продюссерлік орталығы фильм 18 желтоқсаннан кейін кинотеатрда көрсетілмейтіні жайлы ресми хабарлады. Фильмде басты рөлдердің бірін сомадаған актер Қайрат Әділгерейдің сөзінше, картина рулық араздықты қоздыруы мүмкін деген қауіп бар.