Гаражда жасалған «MacCoffee»: Шымкентте заңсыз цех әшкереленді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Әділет министрлігінің баспасөз қызметі

Шымкент қаласында антисанитариялық жағдайда «MacCoffee» 3/1 дайындаған заңсыз цехтың жұмысы әшкереленді.

Әділет министрлігінің мәліметінше, Шымкент қаласында антисанитариялық жағдайда «MacCoffee» 3/1 дайындаған заңсыз цехтың жұмысы әшкереленген. Әділет органдары мен полиция департаменті бірлескен жедел тексерістің нәтижесінде цех жұмысы тоқтатылған.

«Тез еритін кофені «С» есімді азамат кәдімгі гаражда дайындаған. Күмәнді сападағы шикізат дайын қаптармен сатып алынған. Анықталған орында тез еритін дайын 3/1 кофені термотігіс арқылы ыдысқа құю, орау және өзге біреудің тауар белгісін жапсыру жұмыстары жүргізілген. Аталған контрафактілік өнім қаладағы шағын дүкендер мен сауда нүктелері арқылы сатылған. Тексеру нәтижесінде құқық бұзушыдан «MacCoffee» 3/1 тауар белгісі бар 4000-нан астам орама бірлігі, сондай-ақ өндіріс жабдықтары (термотігіс, таразы, дайын 3/1 кофенің қаптамасы) тәркіленді», – делінген хабарламада.

Құқық иеленушінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, тәркіленген контрафактілік өнім сапа стандарттарына сәйкес келмейтіні және тұтынушылардың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін екені хабарланған.

Фото: Әділет министрлігінің баспасөз қызметі

Осы іске байланысты «С» азаматына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБтК) 158-бабы (өзге біреудің тауар белгісін заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Тексеру материалдары одан әрі қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі.

Сондай-ақ оқыңыз