Жаңалықтар

Бишімбаевтың адвокаты түрмедегі экс-министрмен байланысын үзгенін айтты

Ғазымжанов қазір Бишімбаевтың ата-анасының құқығын қорғап жатыр/фото: ҚР Жоғарғы соты

Адвокат Ерлан Ғазымжанов 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қазір құқықтық қызмет көрсетпейтінін айтты. Оның сөзінше, 2025 жылдың жазынан бастап арадағы байланыс үзілген.

«Бишімбаевтың жағдайынан тек ата-анасы арқылы хабардармын. Қазір Бишімбаевтың құқығын қорғаумен айналыспаймын. Жаздан бері ол кісімен хабарласқан жоқпын», – дейді Ерлан Ғазымжанов.

Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман видео жариялады. Сөзінше, Бишімбаев ортақ балаларын шетелге шығаруға қатысты сенімхатын қайтарып алу туралы ескерту жіберген.

Адвокат Ғазымжанов бұл туралы БАҚ беттерінен білгенін, Бишімбаевтың қазір басқа адвокаты барын айтты.

Қазір адвокат сотта Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың құқығын қорғаумен айналысып жатыр.