Стоматологиядағы қыздың өлімі: анестезиолог рақымшылыққа ілігуі мүмкін

Астанада стоматология кабинетінде үш жастағы қыз қайтыс болғаннан кейін, үстінен іс қозғалған анестезиолог бас бостандығынан айырылмауы мүмкін. Қылмыстық істегі прокурор жарыссөз барысында сотталушыға рақымшылық туралы заңды қолдануды сұрады.
Айта кетейік, қайғылы жағдай 2024 жылдың 30 қазанында Dental Park Ortho стоматологиясында болған.
Сотталушы анестезиолог Аида Жұмағалиева – Ресей азаматы. Оған қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Бұл бапта медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген.
«Аида Жұмағалиеваны қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тануды және оны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық қызметтер көрсетуге байланысты лауазымды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындауды сұраймын.
Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты жарияланған «Рақымшылық туралы» заңға сәйкес, Аида Жұмағалиеваны тағайындалған негізгі жазадан босатуды сұраймын», – деді прокурор.
Марқұм бүлдіршіннің анасы анестезиолог қана емес, қыздың тісін емдеуге қатысқан стоматологияның басқа да мамандарын жауапқа тарту қажет деп санайды.
«Ана ретінде баламызды біреу әдейі өлтірмегенін түсінемін. Бірақ дені сау, ойнап-күліп жүрген қызымыз өмірден өтіп кетті. Қызым өзіміз сеніп тапсырған дәрігерлердің операция үстелінде қайтыс болды. Емхана дәрігерлері де жауапқа тартылуы керек. Прокурор медициналық қызмет көрсетуден үш жылға шектеуді сұрап отыр. Бір бала қайтыс болды, бұл тым аз мерзім, әділ емес», – дейді марқұм қыздың анасы.
Ал сотталушы Аида Жұмағалиева өзіне тағылған айыпты мойындамады. Соттағы соңғы сөзінде тергеудің атүсті жүргізілгенін айтып, кінәсіз екенін әрі қарай дәлелдейтінін жеткізді.
2025 жылдың 2 желтоқсанындағы сот отырысына Dental Park Ortho құрылтайшысы әрі директоры Надежда Хон куә ретінде қатысты.
Айтуынша, Аида Жұмағалиева 2024 жылдың қыркүйегінен бастап жұмысқа қабылданған. Клиника иесі оның Ресей азаматы екенін білмегенін айтады.