ЛГБТ насихатына тыйым туралы заңды бұзғандар қалай жазаланады

Бүгін Сенат ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңды мақұлдады. Ол заңнаманы бұзғандарға қандай жаза қолданады? Бұған мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жауап берді.
«Нақты бұл заңды бұзғаны үшін яғни ЛГБТ болғаны үшін жазаға тартылмайды. Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заң жобасына жаза енгізілген. Біз мұны (ЛГБТ насихаты – ред.) заңға қайшы контент деп теңестіргендіктен, жазалары да бірдей болады. Егер жағдай бірінші рет болса, 20 АЕК айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, айыппұл көбейеді немесе 10 күнге әкімшілік қамауға алынады», – деді ол тілшілерге.
Вице-министрдің сөзінше, заң нормасы анықтау сипатында емес, арыз (өтініш) беру тәртібіне негізделген. Яғни тек шағым түскенде ғана, заң орындала бастайды.
Құжатта «дәстүрлі емес сексуалдық бағдарлы насихаттау» деген ұғым бар. Және осы ұғымға сәйкес келетін контентті бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте және телекоммуникация арналарында таралуына тыйым салады.
Мәжіліс заң жобасын 12 қарашада мақұлаған. Бірақ ЕуроОдақпен келіссөздер басталғанда, Сенат ЛГБТ туралы заңды кейінге қалдыра тұрды.