Мектепте оқушыларға аптасына екі рет жылқы етін беру ұсынылды

Қазақстанда жылқы етін мектеп оқушыларының рационына аптасына екі рет екі порциядан қосу ұсынылады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның депутаттар сауалына берген жауабында жазылған.
Жұманғариннің сөзінше, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде білім беру мекемелері үшін бірыңғай тамақтану стандарты енгізілді. Оны әзірлеу кезінде салауатты диетаны қалыптастырудың халықаралық тәсілдері және семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтуға бағытталған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары ескерілді.
Стандарт көкөністер мен жемістердің үлесін көбейтуді, тұз бен қант мөлшері жоғары тағамдарды алып тастауды, сондай-ақ, су, сүт және ашытылған сүт өнімдерінің пайдасына қантты сусындардан бас тартуды көздейді. Сонымен қатар, құжатта жылқы етін аптасына екі рет мектеп мәзіріне қосу туралы ұсыныс бар.
Санитарлық талаптар сақталған жағдайда ет тағамдарының барлық түрлерінде жылқы етін пайдалануға шектеулер қарастырылмаған. Нақты мәзірді қалыптастыруды білім беру мекемелері өңірлік азық-түлік артықшылықтарын, ұлттық дәстүрлерді және өнімдердің қолжетімділігін ескере отырып, дербес жүзеге асыруға құқылы.
Сонымен қатар, жауапта әскери қызметшілердің рационына жылқы етін енгізу мәселесін қорғаныс және ішкі істер министрліктері қолдайтындығы атап өтілген. Алайда, түпкілікті шешім қабылдау кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіп, Қазақ тамақтану академиясының қорытындысын алғаннан кейін ғана мүмкін болады.
Сондай-ақ, 2024-2025 жылдары әлеуметтік мекемелер шамамен 250 млн теңгеге жылқыины жеткізуге 180-ге жуық шарт жасасқаны хабарланды, бұл оның мемлекеттік сатып алу жүйесінде пайдаланылғанын растайды.
Үкімет қабылданып жатқан шаралар жылқы шаруашылығын дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және мемлекеттік мекемелерде теңгерімді және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Осыған дейін Kursiv.Lifestyle жылқы етін жейтін немесе жылқы етін сататын елдерге қатысты материал ұсынған еді.