Жаңалықтар

Қазақстанның Ресейден келетін азық-түлікке тәуелділігі артып барады

Қазақстанның импортқа тәуелділігі артып барады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтар–қазан айларында экспорттан түсетін табыс азайып, импорт керісінше, тарихи рекорд жаңартты. Экономист Руслан Сұлтановтың жазуынша, бұл жағдайды уақытша құбылыс деп айту қиын, өйткені мәселе тереңде жатыр.

Осы кезеңде Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден сәл төмен. Жалпы көлем азайғанымен, ішкі құрылымдағы өзгерістер әлдеқайда маңызды белгі беріп отыр.

Біріншіден, экспорт төмендеп, импорт өсе түсті. Экспорттық түсім 4,6%-ға қысқарса, импорт 4,7%-ға артты. Соның салдарынан оң сауда сальдосы шамамен үштен біріне азайды. Бұл – соңғы жылдардағы ең әлсіз көрсеткіштердің бірі.

Экономиканың басым салаларында импорт өскен

Сарашының айтуынша, сауда балансының мұндай деңгейге түсуі кездейсоқ емес. Импорт рекорды мен экспорттың құбылмалы сипаты теңгерімді бұзып отыр. Мұндай жағдай валюталық нарыққа қысым жасап, төлем балансының сапасын нашарлатады. Экономика үшін бұл – орта мерзімді тәуекел.

Екіншіден, импорт үлесі дәл мемлекет отандық өнімге басымдық беріп отырған салаларда күрт өскен. Дәрі-дәрмек, металлоконструкция, электр генераторлары сияқты тауарларды шетелден сатып алу бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Ал бұл салалар қағаз жүзінде өңдеуші өнеркәсіптің тірегі, технологиялық тәуелсіздіктің негізі болуы тиіс еді.

Бірақ нақты деректер бұл салаларда импортқа тәуелділік азаймай, керісінше күшейіп жатқанын көрсетеді. Яғни инвестиция көлемі артқанымен, ішкі өндіріс соған ілесе алмай отыр.

«Теория мен тәжірибе арасындағы осы алшақтық көп сұрақ туғызады. Егер елге инвестиция тартылып, мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанымен, сол салаларда импорт көлемі артып отырса, демек өндірісті дамытуға кедергі келтіріп отырған жүйелі проблемалар әлі шешілмеген. Басқаша айтқанда, мәселе қаржыда емес, өндіріс ашуға қолайлы орта қалыптастыруда», – деп тұжырымдайды экономист.

Ресей тауарына деген тәуелділік артып барады

Үшіншіден, Ресей қайтадан Қазақстанның негізгі импорттаушы серіктесіне айналды. Ресей мен Қытай арасындағы айырмашылық өте аз, бірақ құрылымдық тұрғыдан олар әртүрлі рөл атқарады. Қытай инвестициялық және өнеркәсіптік тауарлар бойынша басым, ал Ресей азық-түлік пен энергетика сегментінде жетекші позициясын сақтап отыр.

Импорттың жедел өсуі сауда балансына да кері әсер еткен. Оң сальдо айтарлықтай қысқарып, соңғы онжылдықтағы ең төменгі деңгейлердің біріне түсті.

Мұндай жағдай ұлттық валютаға қысым жасап, елдің төлем балансының тұрақтылығын әлсіретеді. Экспорт құбылып тұрған кезде импорттың тұрақты түрде өсуі – экономика үшін қауіпті белгі.

«Әрине, оң үрдістер де жоқ емес. Орталық Азия елдеріне экспорт рекордтық деңгейге жетті, ал өңделген өнім мен агроөнеркәсіп тауарларының үлесі артып келеді. Бұл – экономиканың біртіндеп әртараптанып жатқанын көрсететін маңызды сигнал. Алайда бұл өсім жалпы картинаны түбегейлі өзгертіп отырған жоқ», – деп атап өтті Сұлтанов.

Экспорт құрылымында әлі де шикізат басым. Ал импортта, керісінше, ел ішінде өндіруге болатын тауарлар көбейіп отыр. Нәтижесінде Қазақстан дайын өнімді өз ішінде шығарудың орнына, шетел зауыттарында қаржыландырып отыр деген тұжырым туындайды. Қосылған құн ел ішінде емес, сыртта қалыптасып жатыр.