Goodbye, Russian gas: Еуропа елдері 2027 жылы Ресей газынан толық бас тартпақ

Еуропа Одағы (ЕО) Ресейден келетін газдан кезең-кезеңімен бас тарту жөнінде келісімге қол жеткізді. Бұл туралы ақпарат Еуропарламенттің Threads желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.
Келісім REPowerEU жоспары аясында әзірленген регламентке негізделген. Құжатқа сәйкес, Ресейден жеткізілетін сұйытылған табиғи газды (СТГ) импорттау 2026 жылдың басынан біртіндеп тоқтатылады.
Ал 2027 жылдың қыркүйегінен кейін құбыр арқылы тасымалданатын газды сатып алмайды. Жалпы алғанда, 2027 жылдың соңына дейін ЕО Ресей газынан толық бас тартпақ.
Бұл шешімді ЕО-ға мүше 27 елдің 25-і қолдап, Венгрия мен Словакия Ресей газына тәуелді болғандықтан қарсы шыққан.
Еуропарламент Ресейдің ұзақ жылдар бойы энергетика ресурстарын, әсіресе 2022 жылы Украинаға қарсы соғыс ашқан соң, саяси қысым құралы ретінде пайдаланғанын атап өтті. Қабылданған шаралар ЕуроОдақтың энергетикалық тәуелділігін азайтып, одақтың энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Енді құжатты Еуропарламент пен ЕуроОдақ Кеңесі ресми түрде бекітуі қажет.
Еуропа мұндай стратегияны 2025 жылдың көктемінен бері талқылап келген. ЕО кеңесінің бұған дейінгі жоспарында 2028 жылға дейін Ресей газын импорттау тоқтатылуы тиіс еді.