Жаңалықтар

Инфляция, қарыз және резерв: BofA-ның Қазақстан экономикасына қатысты болжамы қандай

инфляция
2026 жылы инфляция қанша болады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Bank of America (BofA) сарапшыларының болжамынша, Қазақстанда инфляция 2026 жылдың қаңтарында шегіне жетіп, шамамен 15% деңгейінде қалыптасады. Осы кезеңнен кейін, яғни екінші тоқсанының соңынан бастап ел экономикасы ұзақмерзімді дезинфляция фазасына өтеді.

BofA есебіне сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай инфляция 9%-ға дейін төмендейді, ал ақша-несие саясаты біртіндеп жұмсарып, базалық мөлшерлеме 3–4 пайыздық тармаққа төмендеуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, Ұлттық банк теңге бағамы күрт әлсіреген жағдайда ғана базалық мөлшерлемені көтеруі ықтимал. Егер валюталық нарықта айтарлықтай күйзеліс болмаса, реттеуші қатаң саясаттан бас тартуға дайын.

BofA жүргізген салыстырмалы талдау Қазақстан экономикасының екіұшты көрінісін көрсетеді. Бір жағынан, макроэкономикалық іргетас берік. Екінші жағынан, сыртқы өтімділікке қатысты сұрақтар бар.

Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты

Мемлекеттік қарыз деңгейі бойынша Қазақстан дамушы елдер арасында үздік көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр. BofA болжамына сәйкес, 2026 жылға қарай мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 22%-ын ғана құрайды. Бұл – зерттеуге кірген елдер ішінде өте жоғары нәтиже. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстаннан тек Кувейт қана алда тұр.

Банк секторының жағдайы да оң бағаланады. Қаржы институттарының капитал жеткіліктілігі активтердің 14,5%-ын құрайды. Бұл дамушы нарықтар үшін «жоғары лига» санатына жататын деңгей. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Грузия және Армениямен қатар орналасқан.

Яғни, қарыз жүктемесі төмен, банк жүйесі капиталмен жақсы қамтамасыз етілген. Бұл – елдің төлем қабілеттілігі жоғары екенін көрсететін негізгі индикаторлар.

Өтімділік мәселесі: BofA неге алаңдайды?

Алайда BofA талдауы валюталық резервтерге қатысты әлсіз тұстарды алға тартады. Сарапшылардың есебінше, Қазақстанның сыртқы қарызға деген қажеттілігі халықаралық резервінің 164%-ына тең. Осы көрсеткіш елді салыстырмалы рейтингте аутсайдерлер қатарына шығарады.

Мәселе мұнымен шектелмейді. BofA методологиясы бойынша, алтынды есептемегендегі валюталық резервтер қысқамерзімді сыртқы қарызды толық жабуға жетпейді. Қамту деңгейі небәрі 82% деп көрсетіледі. Бұл көрсеткіш Түркиямен шамалас.

Осы деректерге сүйене отырып, BofA Қазақстанды «төлем қабілетті, бірақ өтімділігі шектеулі экономика» ретінде сипаттайды. Яғни баланстар сау, алайда сыртқы капитал ағынды тоқтаған жағдайда экономика осал болуы мүмкін.

Қарашада елдегі жылдық инфляция 12,4% болды. Елдің бес өңірінде инфляция жеделдеді, төртеуінде бұрынғы деңгейде қалды.