Шығынды шегеруге тыйым: жаңа Салық кодексі шағын бизнесті неге тығырыққа тірейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Шығынды шегеруге неге тыйым салынды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жаңа Салық кодексіне енгізілген кейбір нормалар экономикалық тұрақтылық пен шағын кәсіпкерлердің жұмысына тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Ең басты мәселелердің бірі – арнайы салық режимі (АСР) мен жалпыға белгіленген режимдегі(ЖБР) компаниялар арасындағы шығынды есептеуге тыйым салу, сонымен қатар жеке кәсіпкерлер (ИП) мен ЖШС-лардың бір уақытта арнайы салық режимін қолдануына шектеу қою. Салық альянсының мамандары бұл нормалар елдегі шағын кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіреді деп есептейді.

Салық альянсы сарапшыларының айтуынша, бұл норма әртүрлі салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын тең дәрежеде қарамайды. Соның салдарынан салық саясаты тек фискальды әкімшілікке бағынады, ал кәсіпкерлер арасындағы адал экономикалық байланыс бұзылады.

Өзгерістің мәні неде

Жаңа Салық кодексінде ұсынылып отырған даулы норма сырттай қарағанда техникалық өзгеріс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның мәніне үңілсек, бұл ереже кәсіпкерлер арасындағы қалыптасқан экономикалық қатынастарға тікелей әсер ететінін байқаймыз. Норманың түпкі мағынасы мынада: жалпыға белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялар енді арнайы салық режиміндегі, яғни «упрощенкада» отырған кәсіпкерлерден тауар немесе қызмет сатып алса, сол шығынды салық есептеу кезінде шегере алмайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, ірі немесе орта компания шағын кәсіпкермен жұмыс істегені үшін салық жағынан ұтылады. Себебі нақты шығын жұмсалса да, мемлекет оны «шығын» ретінде мойындамайды. Соның салдарынан компанияның салық салынатын табысы жасанды түрде өсіп, төленетін салық көлемі де арта түседі. Осылайша шағын кәсіпкермен жұмыс істеу экономикалық тұрғыдан тиімсіз бола бастайды.

Мұндай жағдайда нарықтағы мінез-құлық өзгереді. Жалпыға ортақ бекітілген режимдегі компаниялар арнайы режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің қызметінен бас тартып, оларды жеткізу тізбегінен ығыстыруға тырысады.

Ал бұл шағын және орта бизнестің ірі нарық пен үлкен тапсырыстарға, тұрақты серіктестерге жолын тарылтады. Сырттай салық тәртібін қатаңдату сияқты көрінген норма іс жүзінде экономиканың ішкі байланыстарын үзіп жібереді..

Жаңа кодекстегі тағы бір шектеу – жеке кәсіпкерлік (ИП) мен ЖШС-ны бір уақытта арнайы салық режимінде қолдануға тыйым салу. Бұл норма кәсіпкердің бизнесті заңды түрде кеңейтуіне, әртараптандыруына және инвестиция салуына кедергі келтіреді.

Сарапшылардың алаңдаушылығы да осыдан туындайды. Ұсынылып отырған норма нақты заңбұзушылықпен күресуге емес, барлық арнайы режимдегі кәсіпкерлерді бірдей күмән астына қоюға негізделген. Нәтижесінде салық тәртібін бұзбай, ашық жұмыс істеп отырған шағын бизнес те зардап шегуі мүмкін. Сондықтан бұл өзгеріс салық жүйесін жетілдіруден гөрі, экономикалық тепе-теңдікті бұзатын құралға айналып кету қаупін тудырады.

«Сонымен қатар, жаңа ереже кәсіпкерлерді бизнесін бөлшектеуге, бір күндік немесе «қалта компанияларды» ашуға, ал кейде кәсіпкерлікті көлеңкеге шығаруға мәжбүр етеді. Тыйым ИП мен ТОО-ның бір уақытта жұмыс жасауына әсер етіп, инвестициялық әрекеттер мен кәсіпкерлікті шектейді», – дейді Салық альянсының өкілі Жанар Сүлейменова.

Әсері кімдерге тиеді

Арнаулы салық режиімде жұмыс істейтін 400 мың кәсіпкердің 233 мыңы шағын бизнес санатына жатады және жылдық табысы 15 млн теңгеден аз. 2024 жылы АСР мен ЖБР арасындағы операциялардың жалпы көлемі 5 трлн теңгені құрады Бұл – жалпыға ортақ белгіленген режимдегі бүкіл операцияның тек 3,8% ғана. Яғни, үкімет бастамасының енгізілуі арқылы көзделген қаржылық нәтиже салыстырмалы түрде аз, ал салдары экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан айтарлықтай қауіпті болмақ.

Оның салдары 400 мың кәсіпкердің қарамағындағы 968 мың жалдамалы қызметкерге, яғни норма тікелей 1,4 миллион экономикалық белсенді азаматқа әсер етеді. Олардың әрқайсысының артында отбасы мен туыстары тұрғанын де ескеру қажет.

Кәсіпкерлер тауарды қымбаттатуға мәжбүр болады

Сарапшылар шығынды шегеруге тыйым салу нормасы қымбатшылықтың артуына әкеп соғады деп ескереді.

Салық альянсының мүшесі Самат Исабаевтың айтуынша, аталған норма күшіне енген жағдайда бір компания тауарының бағасын кемі 7%-ға өсіруі мүмкін. Ал тауарды арнайы режимде жұмыс істейтін жеткізушілерден алатын кәсіпорындар үшін жағдай одан да күрделі. Мұндай компанияларда бұл үлес 90%-ға дейін жетеді, сәйкесінше өнім бағасы 25–35% аралығында қымбаттауы ықтимал.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл норманың салдарынан нарықтағы тауар мен қызмет бағасы орта есеппен 18–22% өсуі мүмкін. Бұл болжам бизнестің арнайы салық режиміндегі серіктестерімен ынтымақтастығын сақтаған жағдайдың өзінде жасалып отыр. Егер ірі компаниялар мұндай серіктестіктен бас тартып, тек жалпыға ортақ белгіленген режимдегі жеткізушілермен жұмыс істеуге көшсе, онда баға өсімі 45%-ға дейін жетуі ықтимал.

Самат Исабаевтың сөзінше, негізгі мәселе – жалпыға белгіленген режимде жұмыс істейтін жеткізушілердің көп жағдайда тапсырыс берушілердің талаптарына сай келмеуі. Бұл талаптар өнім сапасына, жеткізу шарттарына немесе басқа да маңызды параметрлерге қатысты болуы мүмкін.

«Компаниялар мұндай жеткізушілермен жұмыс істеген жағдайда шығынды салықтан шегере алады, алайда тауар мен қызметтің құны әлдеқайда қымбатқа түседі. Нәтижесінде кәсіпорындар өнім бағасын көтеруге мәжбүр болады. Ал егер бұл тығырықтан шығатын жол табылмаса, бизнес үшін мәселе өмір мен өлімнің арасындағы таңдауға айналады. Компанияларда басқа амал жоқ: не өсіп, табыс табады, не осы нарықтан кетуге мәжбүр болады», – деп түйіндеді ол.

Салық альянсы бұл өзгерісті кодекстен толық жоюды ұсынады. Орнына мақсатты, экономикалық тұрғыдан негізделген шараларды енгізу қажет.

Сондай-ақ оқыңыз