ЛГБТ насихатын елдегі кинотеатрлар мен фильмдерде қалай шектегелі отыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: unsplash.com

Сенат бүгін ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңды қабылдаған соң кулуарда журналистер Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовке бірнеше сұрақ қойды. Соның ішінде кинотеатрлар мен фильмдерде ЛГБТ насихатын қалай шектегелі отырғанын да сұрады.

Кочетов не деді

Евгений Кочетов бұл мәселе жөнінде онлайн-кинотеатрлар мен продакшн-компаниялармен талқылау өткізілгенін айтады.

«Мәселен, кейбір фильмдерде азаматтардың шылым шеккенін бұлдыратып жасырады. Кейбір фрагменттерді қиып тастайды. Бәрінің контексін қарауы керек. Бізде қазір бұлдыратпай, көп киноны көрсетіп жатыр. Бәрін әлі де талқылаймыз. Прокатшыларды да ұмыт қалдырмау керек. Сұрақтың басы ашық», – дейді ол.

Кочетовтың айтуынша, депутаттар осы заңнама нормасы бойынша бастама көтерген кезде онлайн-кинотеатрлар бұлдыратқанша кейбір фрагменттерді қия салған оңай деп пікір білдірген. Ал 21+ деп туындыларға шектеу қойылған кезде ол фильмдер тек сағат кешкі 22.00-ден кейін ғана көрсетіледі.

«Ал прокатшылар сол фильмдерін көбірек көрсетуге мүдделі. Білмеймін, қазір әлі де талқылап, алтын ортаны табармыз деген үміттемін», – дейді ол.

Сенат бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

Сондай-ақ оқыңыз