Qazaq Air акцияларының жартысы 1 млрд теңгеге сатылды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

«Самұрық-Қазына» Qazaq Air компаниясының жартысынан көп үлесін, яғни 51%-ын вьетнамдық Sovico Group-қа 1,02 млрд теңгеге сатты. Бұл ақпарат қордың 2025 жылдың 9 айына арналған қаржылық есебінен белгілі болды.

Қазір қор әуе компаниясының 49% акциясына иелік етеді. Құжатта мәміленің толық жабылуы 2025 жылдың 6 мамырында ғана жүзеге асқаны көрсетілген.

Фото: «Самұрық-Қазына» қаржылық есебі

Qazaq Air 2023 жылғы 18 тамызда саудаға шығарылған еді. Бастапқыда компанияның 100% акциясы 10,2 млрд теңгеге бағаланып, сатып алушы тарапынан Ұлттық қорға 38 млрд теңге қарыз төлеу міндеттемесі қойылған. Алайда екі рет өткен конкурсқа ешқандай өтінім түспегендіктен, ол жарамсыз деп танылған.

2024 жылдың мамыр айының соңында Қазақстан – Сингапур бизнес-форумының жабылу рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq Air компаниясын вьетнамдық инвесторларға сату жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеді.

2024 жылдың жазында Марат Қарабаев мәмілені жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғанын және сату құны 2 млрд теңге болатынын айтқан. Сонымен қатар инвестор әуе компаниясының қарыздарын өтеуге және жаңа әуе кемелерін сатып алуға міндеттелген.

2024 жылдың желтоқсанының соңында «Самұрық-Қазына» Qazaq Air акцияларын Central Asia Aviation Holdings Limited және Kazasia Holdings Limited компанияларына сату туралы келісім жасады. Мәміле алдын ала барлық талаптар орындалғаннан кейін ғана күшіне енетіні және акциялардың инвесторларға берілетіні айтылды. Сату бағасы жарияланған жоқ.

Qazaq Air капиталы мынадай түрде бөлінген: 49% акциясы – вьетнамдық Sovico тобына, 49% – «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына, 2% – Kazasia Holding Limited компаниясына тиесілі.

Айта кетейік, бұған дейін Qazaq Air-ді иеленген вьетнамдық компания Қазақстаннан әуежай сатып алуы мүмкін екені хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз