Сарапшылар 2026 жылы доллар бағамы қанша болатынын айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
2026 жылы доллар бағамы қанша болады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылы доллардың орташа бағамы 535 теңге болуы мүмкін. «Еуразиялық даму банкі» (ЕАДБ) ұсынған макроэкономикалық болжам келер жылы Қазақстан экономикасында өсім сақталғанымен, негізгі көрсеткіштер бұрынғыдай сыртқы факторларға тәуелді болатынын байқатады.

Банктің бағалауынша, алдағы жылы ел экономикасы 5,5% деңгейінде өседі. Бұл өсім, ең алдымен, мұнай секторымен байланысты, өйткені 2026 жылы мұнай өндіру көлемі 3% артады деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар экономикалық өсім аясында инфляциялық қысым біртіндеп әлсірейді. ЕАДБ деректеріне сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай инфляция 9,7%-ға дейін баяулауы мүмкін.

Мұндай динамика Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясатының нәтижесі ретінде қарастырылады. Реттеуші базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт жоғары деңгейде ұстап отыр, бұл ішкі сұранысты тежеуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған.

ЕАБР сарапшыларының пікірінше, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдың екінші тоқсанының басына дейін 18% деңгейінде сақтайды. Инфляцияның баяулауы тұрақты сипат алған жағдайда ғана мөлшерлемені төмендету процесі басталады. Банк болжамына сәйкес, 2026 жылдың соңында базалық ставка шамамен 14% болуы ықтимал.

Ақша-несие саясатының қатаңдығы валюталық нарықтағы ахуалға да тікелей ықпал етеді. ЕАБР бағалауынша, 2026 жылы теңгенің орташа бағамы бір АҚШ доллары үшін 535 теңге шамасында қалыптасады.

Ұлттық валютаға қысым көрсететін негізгі факторлар ретінде сарапшылар мұнай бағасының арзандауы мен Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің қысқаруын атайды.

Дегенмен, бұл қысым бірқатар факторлармен жұмсартылады. Атап айтқанда, мұнай экспорты көлемінің артуы, сондай-ақ жоғары деңгейде тұрған пайыздық мөлшерлемелер теңгеге қолдау көрсетеді.

Ал Bank of America (BofA) сарапшыларының болжамынша, Қазақстанда инфляция 2026 жылдың қаңтарында шегіне жетіп, шамамен 15% деңгейінде қалыптасады.

Сондай-ақ оқыңыз