
Шымкентте 3 жасар баланың ішінен 16 магнит табылды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала қалалық балалар клиникалық ауруханасына іші қатты ауырып түскен. Ата-анасы баланың магнит жұтып қойғанын айтқан.
«Қабылдау бөлімінде науқасқа шұғыл медициналық шаралар жүргізіліп, одан кейін хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Рентгенологиялық зерттеудің тікелей проекциясында баланың ішінен бөгде зат анықталды» делінген басқарма хабарламасында.

Тиісті медициналық тексерулерден кейін дәрігерлер балаға жедел ота жасаған. Ішіне видеоэзофагогастроскопия жүргізіліп, асқазан қуысында диаметрі шамамен 0,5 сантиметр болатын 16 магнит бар екені анықталды. Бөгде заттар эндоскопиялық граспердің көмегімен ағзадан толық алынған.
Басқарма мәліметінше, қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық. Дәрігерлер оның өміріне төнген қауіптің алдын дер кезінде алған.
Бұған дейін, 2025 жылы дәрігерлер феталдық хирургияның арқасында құрсақтағы 105 сәбидің өмірін сақтап қалғаны хабарланған.