Статистикамен ауыз толтырудың қажеті жоқ – экономист Үкіметтің көрсеткішін сынға алды

Белгілі экономист Мақсат Халық кабминнің экономикалық өсімді алға тартқан Үкіметтің есебі халықтың шынайы өміріне әсерін тигізіп жатқан жоқ деп есептейді
Әлеуметтік желідегі парақшасында сарапшы Үкімет жұмысын сынға алды.
«Үкімет қазір макроэкономикалық көрсеткіштерді алға тартып, экономикалық өсімді 6 пайыздан асады деп есеп береді. Мұндай өсім 2013 жылы болған. Одан бері біз 6 пайыздық өсімді көрген жоқпыз. Кереметтей өсім. Бұл халықтың табысы ортадан жоғары деңгейге өтіп, Үкімет бізге елдің табысы бай елдердің қатарына бара жатыр деген ойды жеткізгісі келеді. Бірақ мұндай өсім болса, халықтың табысында да нақты өсім болуы тиіс. Біз ондай өсімді нақты көріп отырған жоқпыз, керісінше халықтың нақты табысы 2 пайызға түсіп кеткен. Сондықтан мұндай статистикамен ауыз толтырып, халықты алдауды қажеті жоқ дер едім», – дейді экономист.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет экономика өсімі 6,4% деп есеп берген еді.
ҚР ҰЭМ деректері бойынша, басты көрсеткіш – ЖІӨ-нің өсімі, ол 6,4 пайызға жеткен. Бұл есепті осы министрліктің басшысы Серік Жұманғарин айтты
Негізгі драйверлер қатарына 7,3 пайыздан 7,4 пайызға дейін өсім көрсеткен өнеркәсіп пен 6,1%-ға ілгерілеген ауыл шаруашылығы енген. Тұрақты дамуды нақты экономиканың басқа секторлары да көрсетіп отыр. Атап айтқанда, көлік саласы 20,3 пайызға, құрылыс 14,7 пайызға өсті, ал сауда 8,8 пайызға артқан.