Тәжікстан Мәскеу мектебіндегі оқушы өлімі үшін Ресейге нота жолдады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Тәжік оқушысының өлімі
Қайтыс болған оқушыны жоқтап, жылап тұрған туыстары / фото: AFP

Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің елдегі елшісін шақырып, нота тапсырды. Онда Мәскеу облысының Горки-2 кентіндегі мектептің 4-сынып оқушысына жасалған «ұлт араздық негізіндегі шабуылды» қатаң айыптайтыны туралы мәлімдеме жариялады. Шабуыл салдарынан 10 жасар тәжік баласы оқиға орнында көз жұмған.

Құжатта Ресей тарапынан қайғылы оқиғаны тез арада әрі объективті түрде тергеп, кінәлілердің барлығын заң бойынша қатаң жауапқа тарту талап етілген. Сондай-ақ, Тәжікстан Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода Ресей ІІМ басшысы Владимир Колокольцевпен телефон арқылы сөйлесіп, тергеудің дұрыс жүргізілуін сұрады. Колокольцев өз кезегінде тергеу жұмыстары қатаң бақылауда екеніне сендірді.

16 желтоқсан күні таңертең Одинцово ауданындағы Горки-2 кентіндегі мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы мектепке пышақ алып келген. Жасөспірім алдымен күзетшінің бетіне бұрыш баллонын шашып, пышақпен жарақаттаған.

Содан кейін 10 жастағы Кобилджон Алиевке тап берген. Алған жарақатынан бала қайтыс болды.

Кейінірек телеграм-арналардың біріне, оқушының өз әрекетін камераға түсірген видеосы жарияланды. Онда жасөспірімнің мұғалімдердің бірін іздегені, артынша бір топ баладан ұлттарын сұрап, шабуыл жасағаны көрінеді.

Азаттық радиосының тәжік қызметі (Радио Озоди) дерегінше, Қобилджонның анасы күйеуі қайтыс болған соң, бірнеше жыл бұрын екі баласымен Ресейге көшіп келген. Ол ұлы оқыған мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді. Қайғылы оқиғаның ертеңіне, яғни 17 желтоқсанда бала төлқұжатының мерзімі аяқталуына байланысты Тәжікстанға кетуі керек болған.

Қазір шабуыл жасаған жасөспірім ұсталды. Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады.

Сондай-ақ оқыңыз