Лондон Қазақстанда ірі жобалары бар ресейлік компанияларға санкция салды

Ұлыбритания 2025 жылғы 18 желтоқсанда Ресейдің бірнеше мұнай компаниясына қарсы санкция жариялады. Олардың арасында «Татнефть» пен «Русснефть» бар.
Қара тізімде кімдер бар
Санкциялардың жаңа топтамасына осы жолы 5 жеке тұлға мен 19 ұйым кірді. Лондон осы құжат арқылы жұмысы бұрын шектелмеген ірі мұнай компанияларына қарсы шара қолданды. Бұған дейін Ұлыбритания «Роснефть», «Лукойл», «Газпром Нефть» және «Сургутнефть» сияқты ірі компанияларға санкция салған. Енді қалған маңызды ойыншыларды да шектеді.
Қазақстандағы ірі жобалары
«Татнефть» Қазақстанда бірнеше жылдан бері белсенді жұмыс істеп жүр. Оның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірнеше бірлескен жобасы бар.
«Татнефть» компаниясның елдегі негізгі жобалары:
- Шина зауыты (KamaTyresKZ): кәсіпорын Қарағанды облысы, Сарань қаласында орналасқан. «Татнефть» пен «Allur» компанияларының бірлескен кәсіпорны. Жылына 3 млн жеңіл автокөлік және 500 мың жүк көлігі дөңгелегін шығарады. Өнім Attar брендімен сатылады.
- Бутадиен және каучук өндірісі: Атырау облысында бутадиен зауыты салынып жатыр. Оған 1 млрд доллар инвестиция тартылған. Бірлескен кәсіпорында «Татнефть» үлесі басым. Бутадиен каучугы шина зауытына шикізат болады.
- Геологиялық барлау және мұнай өндіру: «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, Атырау облысында «Қаратон» учаскесін барлап жатыр. Жобаға 2,4 млрд доллар инвестиция тартылады деп көзделген.
Ресейлік компания Қазақстанда тағы басқа жобаларға кіруге ниет білдірген.
Санкция әсері
Лондон шектеулерінің Қазақстанға тікелей қатысы жоқ, бірақ Астана жанама санкцияларға іліккісі келмейді. Ұлыбритания ресейлік компанияларға шектеу енгізген уақытта оның қаржы операцияларына да кері әсер етуі мүмкін.
Ашық дереккөздерде «РуссНефть» компаниясының Қазақстандағы тікелей ірі жобалары немесе бірлескен кәсіпорындары туралы мәлімет табылмады. Ол негізінен Ресей аумағында жұмыс істейді.