
Түркістан облысында жыл аяғына дейін мақта-мата өндірісіне қатысты үш бірдей ірі кәсіпорын іске қосылады. Солардың бәрін Lihua Group қытай компаниясы жүзеге асырады. Kursiv.Media оңтүстікте мақта өндірісіне жан бітіріп қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтерген ірі топтың өңірге кіру себебі туралы баяндайды.

Он күнде үш өндіріс
2025 жылғы 22 желтоқсаннан бастап жыл аяғына дейін Түркістан облысында үш ірі өндіріс ашылады. Аз уақыттың ішінде мұндай ауқымды шаруаны атқару екінің бірінің қолынан келе бермейді, бірақ қытайлар үшін үйреншікті іс. Lihua өңірге 200 млрд теңгенің инвестициясымен кірген.
Жыл аяғына дейін ашылатын өндірістер:
- «Түркістан текстиль» жіп иіру кәсіпорны (Түркістан қаласы);
- «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» – тамшылатып суғару
құрылғылары мен таспа шығару кәсіпорыны (Отырар ауданы); - Мақта өңдеу зауыты (Отырар ауданы).
Әлемнің Louis Vuitton, Gucci және Louis Vuitton секілді ірі брендтеріне шикізат пен мата жеткізетін Xinjiang Lihua-ның Қазақстан нарығына кіргеніне көп болған жоқ. Аспан асты елінің өкілдері Түркістанға коронавирус індетінен кейін мақта шаруашылығы тоқырауға ұшырап, жергілікті шаруалар өнімін өткізе алмай отырған уақытта жетті.

Тақыр жерге жан бітірді
Оларды өңірге Түркістан облысының сол кездегі әкімі Дархан Сатыбалды 2023 жылы алып келді.
«Жергілікті шаруалар су тапшылығын алға тартып, қурап қалған жерге мақта шықпайды десті. Соны естіген әкім бірден Қытайға ұшып барып, әлемдік брендтермен жұмыс істейтін компанияны осында жетектеп әкелді», – дейді жағдаймен жақсы таныс түркістандық.
Өңір басшылығы қытайларға Отырар ауданынан егіс алқабы үшін 50 мың гектар жер бөліп берді. 2024 жылы Lihua алғаш рет қазақ жеріне мақта екті.
«Әкім қытайларды жергілікті шаруалармен кездестіріп, мақтаның сапасын көтеруді осылар үйретеді деген. Артынша қытайлар тақыр жерге мақта егуге кірісіп кетті. Сол кезде бәрі артын ашып күлді: ертең шіріп жатқан кезде көрерміз деп мысқылдады. Бірақ қытайлар еккен мақтаның жайқалып өскені сонша, кеше ғана күліп отырған адамдардың бәрі талып қала жаздады», – дейді түркістандық азамат.
Осыған дейін жергілікті шаруалар 1 гектар жерден 20 центнерге жетпейтін өнім жинаса, қытайлар 60 центнерден аса мақта алды. Олардың технологиясы үш есе тиімді болып шықты. Соны көрген түркістандықтар да біртіндеп су үнемдейтін, өнімі мол озық әдісті үйрене бастады.

4 мың адамға жұмыс береді
Атқарылған жұмыстың нәтижесін үкіметтегілер де бағалап, 2025 жылғы наурызда премьер Олжас Бектенов Қытайдың Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихаймен кездесті. Жүздесуде Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру мәселесі сөз болды.
Lihua барлығы 10 зауыт салуды көздеп отыр. Төртеуі мақта өңдеу, екеуі су үнемдеу технологиясына қажетті жабдықтар шығару, тағы төртеуі тігін, бояу-әрлеу фабрикасы мен тоқыма зауыты. Қытайлар уәдесінде тұрып, өндірістердің бәрін аз уақыттың ішінде ашып жатыр. Олар 4 мың адамға жұмыс береді.
Компания жетістігін көрген басқа да қытай инвесторлары Қазақстанға қарай ағылды. Мәселен, биыл күзде Hygeia Textile нарыққа кіріп, Түркістанда 23 млрд теңгеге джинс шығаратын зауыт салып жатыр. Қытай компаниясы Lihua өндірген мақтаны шикізат ретінде пайдаланады.