Жаңа жыл кезінде отшашу үшін айыппұл салынады – ІІМ

Сенат кулуарында тілшілердің сұрағына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Жаңа жыл мерекесі кезінде фейерверктерді қолдану тәртібі бұзылса, айыппұл салынатынын айтты.
Айыппұл көлемі
Лепеха фейерверктерге қатысты айыппұл мөлшерлерін түсіндіріп берді. Оның сөзінше:
- фейерверктерді заңсыз сату – 25 АЕК (2025 жылы шамамен 92 мың теңге);
- тыйым салынған жерлерде пиротехниканы қолдану – 20 АЕК және өнім тәркіленеді;
- Егер 16 жастан кіші балалар отшашу атса, олардың әке-шешесіне 20 АЕК айыппұл салынады;
- Бір жыл ішінде осы заңбұзушылық қайталанса – 30 АЕК.
ІІМ орынбасары жыл сайын пиротехникадан жарақат алу және өрт шығу жағдайлары қайталанатынын айтты. Сондай-ақ ол фейерверктерді балалардың қолына бермей, қауіпсіз жерде ұстау қажет екенін атап өтті.
Лепеханың сөзінше, кәсіби салюттерге лицензия керек. Ал тұрмыстық пиротехниканы көршілердің тыныштығын бұзбаса, қолдануға рұқсат етіледі. Егер көршілер тарапынан қандай да бір шуға шағым түссе, полиция міндетті түрде әрекет етеді.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жаңа жыл қарсаңында және тойлау кезінде қандай фейерверктер үшін айыппұл салынатынын мәлімдеген еді.