Зумер және альфа ұрпақ дәстүрлі мерекелерді неге ұната бермейді

Жарияланды 18 Желтоқсан 2025 17:54

Торғын Қабен

Торғын Қабен

фото: shutterstock.com

Дәстүрлі мереке деп Жаңа жыл, Наурыз сынды отбасы болып, гүрілдетіп тойлайтын отырыстарды айтамыз. Алыс-жақыннан тума-туыс түгел жиналып, бас қосатын мерекелерді бумерлер мен миллениалдар ерекше жақсы көреді. Бір-біріне тілек айтып, ортаға ас қойып дастарқан жаяды. Дегенмен зумер және альфа ұрпақтың мұндай мерекелерге деген көзқарасы сәл басқаша. Неге жастар қалыптасып қалған форматтан бойын аулақ ұстағанды жөн көреді? Әлеуметтік, психологиялық және мәдени тұрғыдан осы мәселені қарастырып көрелік.

Зумерлер мен альфа ұрпақ деген кімдер?

Алдымен осы ұрпақтардың қай жылдар аралығында туғандар екенінен бастайық. Z ұрпақ деп 1997-2012 жылдары өмірге келгендерді айтады. Ал 2013 жылдан бері қарай дүниеге келгендерді альфа дейді. Неге бұл екі буынды бөліп қарастырып отырмыз? Бұлар – шыр етіп өмірге келгеннен гаджеттің құлағында ойнайтын, интернетсіз күнің қараң деп ойлайтындар. Зумерлер мен альфалар – әлеуметтік желі, ақпарат ағыны лық толы кезде туғандар. Pew Research Center деректеріне сүйенсек, зумерлер ақпаратты шамадан тыс тұтынатындықтан, өзін үнемі шаршаңқы, дәстүрлерге үрки қарайтын скептик сезінеді екен. Олардың мереке туралы түсінігінің де басқаша болатынына бірден-бір себеп осы дейді.

1. Дәстүрлі мереке оларға әлеуметтік қысым секілді көрінеді

Бумерлер мен миллениалдарға қай мереке болсын бірлік, татулық пен қуаныштың символы іспеттес сезіледі. Ал зумерлерге біреу құдды мойнына міндет қып артып қойғандай, жүк болады. Сондықтан көпшілігі мұны қысым деп қабылдайды. Атап айтқанда, отбасы болып жиналу керек, міндетті түрде шаттану керек, тілек айту керек, мәдениет сақтап жылы лебіз білдіру керек және т.с.с. Психологтар мұны эмоциялық мәжбүрлік деп атайды. Америкалық психологтар қауымдастығы (APA) келтірген дерекке қарасақ, жастар эмоция шығаруға мәжбүрлейтін жағдайдың бәрін ауыр қабылдайды екен. Соның кесірінен бойында мазасыздық туады. Яғни «былай болуы керек» деп бағыт беретін дүниенің бәрінен қашқақтайды.  

2. Мән жоқ, мағына жоқ деп санайды

Дәстүрлі мерекелердің дені түбінде не жатқаны белгісіз болып кеткендей. Яғни не үшін тойланады, оның маңызы неде деген сұраққа жастар жауап таба алмай дал болады. Себебі қалыптасып кеткен қағидалардың қазіргі әлеуметтік контексі басқаша. Символикасына қатысты да нақты түсіндірме жоқ. Жай ғана тойлануы керек деп тойлана береді. Ал зумерлер мен альфалар «неге?» деген сауалға мардымды жауап алғысы келеді. Ол аздай, мерекелерде көбіне артық тамақ ішіп қойып, соның кесірінен асқазаны ауырады, жолына тілектер айтылып, «ұят болмасын, құр қол бармайын» деп сыйланатын сыйлықтар беріледі. Осы нәрсе де жастарға ұнай бермейді. Яғни оларға бұл – бекер әуре.  

3. Зумерлер мен альфалар жеке тұлға болғанды жақсы көреді

Оған дейінгі ұрпақ көбіне жиналып, ұжым болып жүргенді жақсы көретін болса, жастарда басқаша. Олар мерекені барлық үйде бірдей жайылатын дастархан, бірдей айтылатын тілектер легі деп қабылдайды. Бірегейлік жоқ болғандықтан да мерекелерді, отырыстарды жаны сүйе бермейді. Зумерлер мен альфалар жеке тұлға ретінде көрінгенді жақсы көреді. Яғни кіммен жүргісі келсе өзі шешетін, көзқарасын да өзі қалыптастыратын, біреудің ойынан шығуға тырыспайтын ұрпақ бұл. Сондықтан белгілі бір шарт-талаптар қойылатын отырыс дегендер жастардың ішінде қарсылық тудырады. Оның орнына шағын мерекелер, жеке бір ғұрып қалыптастырғанды жақсы көреді. Айталық, саяхатқа шығып, күнді жалғыз өткізіп не тек жақын, санаулы адаммен өткерген көбірек ұнайды.

4. Ақпарат ағыны көбейіп кетсе, шаршап қалады

Қазіргі мерекелерде көбіне дастархан жайылып қана қоймай, әлеуметтік желіде барлығы жан-жақтан пост, стори салып, құдды уақытты ғажап өткеріп жатқандай отырыстарын мінсіз қылуға тырысып жатады. Digital Wellness Lab жасаған зерттеудің нәтижесіне қарасақ, жастар дәл осы мереке күндері әлеуметтік шаршау сезімін сезінеді екен. Яғни демалудың орнына олар қосымша күйзеліске түседі. Бәріне шексіз риза, бақытты түр жасауға мәжбүр болғаны да қысым сыйлайды деседі.

5. Экономикалық фактордың да әсері бар

Зумерлердің ересек өмірге қадам басқан сәтіне назар аудару керек. Олардың есейген шағы елде һәм әлемде экономикалық ахуал тұрақсыз болып, инфляция «ұшып», болашақтың қандай болары белгісіз болған сәтке тап келді. Сол себепті дәстүрлі мереке десе, олардың ойына ең алдымен қаржылық шығыны көп, алдын-ала бекітіліп қойған талаптары бар отырыс келеді. 2024 жылы Deloitte мынадай қызық зерттеу жасаған екен: Z ұрпақ символикалық дүниелерден гөрі қолданысқа арналған, саналы тұтынысқа бағытталған, минимализм стиліндегі заттарды көбірек бағалайды. Классикалық мерекелерде экономикалық тұрғыда ғана емес, эмоциялық деңгейде де ұната бермеуіне бірден-бір себеп осы деседі. Яғни мерекелердің аста-төк тойланатыны олардың көңілінен шықпайды.  

6. Қазіргі жастардың құндылығы басқа

Бумерлер мен миллениалдарға мереке деген қонақ шақырып, кең дастархан жайып, баршылықты көрсетудің бір жолы. Ал зумерлерге одан қарағанда эмоциялық қауіпсіздік, шынайылық, сыртқы күй мен ішкі күйдің үйлесімі әлдеқайда маңыздырақ. Сондықтан олар тыныш форматта өтетін отырыстарды құп көреді, ішімдікті ұната бермейді. Күнтізбеде бекітілген мейрамды емес, өздері жасап алған, себепсіз «айрықша күндерді» жақсы көреді. Демек, жастар қуаныштан бас тартпайды. Жай ғана мерекенің форматын өз ыңғайларына өзгертіп алған.

7. Альфа ұрпаққа интерактив керек

Альфа жастардың ойлау деңгейі зумерлерден де өзгеше. Олар үшін мереке деген ойын-сауыққа толы болуы керек. Себебі бала кезден көріп келе жатқаны – интерактив пен геймификация. Сондықтан олардың көп нәрседен тез ішіп пысып, жалығып кетеді. Егер отырыста эмоция болмаса, белсенді қатысып отыратындай болмаса оларға Наурыздың да, басқасының да құны көк тиын болуы мүмкін.

Сонда дәстүрлі мерекені болашақта ешкім тойламауы мүмкін бе?

Ешкім бұлай кесіп айта алмайтыны анық. Бірақ жаңа ұрпақ өз ережелерін бекітіп, соған сай трансформация жасайтыны анық. Яғни «істеу керек» деп емес, «істегім келеді» деген шынайы қалау бірінші орынға қойылады. Зумер және альфа ұрпақ мерекеге қарсы деген қате ой қалыптастыруға болмайды. Олар жай ғана қысымнан ада, шаблоннан тым өмір сүргісі келеді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жаңа жылға қандай ерекше сыйлықтар сыйлауға болатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз