«Жоғалтатын ештеңем жоқ»: Қайрат Кемелов Бишімбаевтармен не туралы сөйлескен

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы – Бекзат Кемеловаға қатысты алаяқтық ісі қаралып жатыр.
Құқық қорғау органдарына Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова жүгінген. Бұған дейін Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев сотта куә ретінде жауап берді.
Ал сотталушы Бекзат Кемелова – Уәлихан Бишімбаевтың бөлесі Қайрат Кемеловтің әйелі.
Даудың басы
Тергеу дерегіне сәйкес, Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова ұлына қатысты іс қаралып жатқан кезде үйінде тұрған 990 000 долларды көк түсті шабаданға салып, Бекзат Кемеловаға берген. Ал Кемелова бұл ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланып, қайтармаған.
Уәлихан Бишімбаев пен Альмира Нұрлыбекова Кемеловтерге барып ақшаны қайтаруын сұраған. Алайда нәтиже шықпаған. Содан кейін арызданған.
Қайрат Кемелов не деді?
Сотқа қатысқандардың арасында Қайрат Кемелов те бар. Ол әйелі миллион долларды алды дегенге сенбейді. «Бәрін дәлелдеймін, қолымда барлық құжат» бар деген Кемелов журналистерге толығырақ пікір білдіруден бас тартты.

Сөзінше, 2024 жылы үйіне Бишімбаевтар келіп, ақшаны қайтаруды сұраған.
«Әңгіме барысында Уәлихан Бишімбаев бір жыл бұрын әйелім Бекзат Кемелованың Альмира Нұрлыбековадан миллион доллар алғанын айтты. Қалай? Әйелім миллион долларды алған болса, мен неге білмеймін? Егер білсем… менен рұқсат сұраған болса… Бишімбаевтар, Нұрлыбековалармен де аралас-құраласымыз болғанын қаламайтын едім. Содан кейін Уәлихан Бишімбаев «жоғалтатын ештеңем жоқ, ақшаны қайтарыңдар» деді. Бізді осылай қорқытып кетті», – дейді Қайрат Кемелов бөлесі туралы.
Ол Альмира Нұрлыбекова мен Уәлихан Бишімбаевтың егде жаста екенін айтып өтті.
«Бірден полицияға хабарласқым келді, бірақ мені әйелім Бекзат Кемелова (алаяқтық әрекетін жасады деп айыпталып отырған сотталушы – ред.) тоқтатты. Әйелім Бишімбаевтар арыз жазады деп ойламады», – дейді Кемелов.
Куәден жауап алу 19 желтоқсанда жалғасады.
Кемелов сотта жеңілді
Бұған дейін Қайрат Кемелов сотта ерлі-зайыпты Бишімбаевтардан жеңілген.
2025 жылдың 14 қаңтарында Кемелов Airan YouTube каналында «Сол күні өзара әңгіме болды, олар мәйітханаға баруымды, менің әріптестерімнің, яғни сот-медицина сарапшыларының Қуандық Бишімбаевтың пайдасына қорытынды шығаруын сұрады», «иә, олар бұрмалайтындар үшін қомақты сома беруге дайын болды» деген мәлімдеме жасаған. Содан кейін Бишімбаевтың ата-анасы сотқа жүгініп, Кемеловтің бұл мәлімдемесін ар-намыс, қадір-қасиетіне нұқсан келтіру деп тануды сұраған.
Сот шешімімен Уәлихан Бишімбаевтың пайдасына моральдық шығын ретінде 100 мың теңге, Альмира Нұрлыбекованың пайдасына 100 мың теңге өндірілді.