Жолақы, тұрғын үй, медицина: Қазақстан азаматтарына Қатарға жол ашылды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстан мен Қатар арасындағы Қазақстан азаматтарын жұмысқа орналастыру туралы келісім ресми түрде күшіне енді. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, Қатар тарапы келісімге қатысты барлық ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағанын растайтын жазбаша хабарлама жолдаған.

Құжатқа 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Дохаға ресми сапары барысында қол қойылды. 2025 жылы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасын ҚР Парламентінің қос палатасы (10 қыркүйек – Мәжілісте, 9 қазан – Сенатта) мақұлдады, 20 қазанда Заңға Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды.

Құжат қазақстандық мамандарды іріктеу мен жұмысқа орналастыру тәртібін реттейді және олардың әлеуметтік әрі еңбек құқықтарын толық көлемде қорғауды кепілдейді.

«Құжат мамандарды іріктеуге өтінімдер алмасудың, олардың біліктілігін тексерудің және еңбек шарттарын жасасудың нақты тәртібін бекітеді. Келісім қазақстандық жұмыскерлерге үлгілік еңбек шартына сәйкес ұшуға, тұрғын үйге және медициналық қызмет көрсетуге ақы төлеу, еңбектің, демалыстың және сыйақының нақты шарттары, шартты мерзімінен бұрын бұзған кездегі жұмыскерлердің мүдделерін қорғауды қоса алғанда әлеуметтік және еңбек құқықтарына кепілдік береді», – делінген хабарламада.

Келісімнің орындалуын қадағалау үшін екіжақты бірлескен комитет құрылады. Ал Катар жұмыс берушілерінің барлық бос жұмыс орындары арнайы migration.enbek.kz порталында жарияланатын болады.

2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша шетелде 156,7 мың қазақстандық жұмыс істеп жатыр.

Министрлік бұған қоса, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония және бірқатар Еуропа елдерімен де осындай келісімдер әзірленіп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз