Қазақстан мен Жапония 3,7 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қояды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында қол қойылатын коммерциялық келісімдердің жалпы құны 3,7 млрд доллардан асады. Бұл туралы Президент баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.
Мемлекет басшысы осы мақсатта Токиода жапониялық ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізбек. Барлығы 40-тан астам құжатқа қол қою жоспарланған. Келісімдер энергетика, жаңартылатын қуат көздері, цифрландыру, тау-кен, көлік секілді негізгі салаларды қамтиды.
«Қазақстан тарапынан құжаттарға «Самұрық-Қазына», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» компаниялары, ал Жапония тарапынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power және RIKEN KOGYO сияқты компаниялардың өкілдері қол қояды. Президенттің Жапонияға сапары аясында өзге де ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланып отыр»,– деп жазды Руслан Желдібай Telegram арнасында.
Мемлекет басшысының Жапонияға сапары сәрсенбі күні кешке басталған. Президент мінген ұшақ Токио қаласының Ханэда әуежайына қонған. Тоқаевты ол жерде Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу күтіп алған.
Ал бүгін 18- желтоқсан, таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония императорының сарайына келді. Оны император Нарухито қарсы алды.