Bloomberg Қырғызстанды Орталық Азиядағы жаңа «жолбарыс» деп атады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
шетелдік агенттер
Фото: kursiv.media архиві

Bloomberg Қырғызстанды Орталық Азияның жаңа «жолбарыс экономикасы» деп атады. Бұл елдегі жалпы ішкі өнімінің қарқынды өсуі және сыртқы сауда байланысының кеңеюімен байланысты. Агенттік бұл туралы Қырғызстан Ұлттық банкінің болжамы мен оның төрағасы Мелис Тұрғынбаевтың пікіріне сүйене отырып жазды.

Реттеуші органның бағалауынша, 2025 жылы Қырғызстан экономикасы 10%-дан көп өседі. Соңғы үш жылда елдің нақты ЖІӨ өсімі жылына 9%-дан төмен түскен емес.

Bloomberg мәліметінше, Қырғыз экономикасының негізгі қозғаушы күштері – туризм мен құрылыстың қарқынды дамуы, ішкі тұтынудың артуы және ең бастысы, Қытайдан көрші елдерге тауарларды реэкспорттау.

«Соңғы жылдардағы геосаяси оқиғалар аясында өңірдің сауда құрылымы айтарлықтай өзгерді. Қырғызстан аймақтық және жаһандық саудаға бұрынғыдан да белсенді араласа бастады», – деді Мелис Тұрғынбаев жуырда берген сұхбатында.

Материалда қаржыландыру көздері мен инфрақұрылымдық жобалар да аталып өткен. Тұрғынбаевтың айтуынша, Қырғызстан алғашқы еурооблигацияларын сату арқылы 700 млн доллар тартқан және бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы мен Нарын өзеніндегі «Камбар-Ата-1» СЭС-і. Бұл жобалардың жалпы құны 10 млрд долларға бағаланады.

Сонымен қатар агенттік Халықаралық валюта қорының Қырғызстан экономикасының өсу қарқыны орта мерзімді келешекте жылына 5%-дан сәл ғана асатыны жөніндегі бағасын келтіріп, ел экономикасының сыртқы жағдай мен геосаяси факторларға тәуелділігін атап өтті.

Ұлттық банк төрағасының дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қырғызстанға келіп түскен жалпы ақша аударымдары 16,4%-ға артып, 2,6 млрд долларға жеткен. Бұл соманың шамамен 93%-ы Ресейден келген. Ал осы кезеңдегі шетелге жасалған ақша аударымдары 300 млн долларды құрап, былтырғыдан 13,1%-ға төмен болған.

Қарашада Ұлттық банк негізгі мөлшерлемені 100 базистік пунктке көтеріп, 11%-ға жеткізді. Бұл шешім 8%-дан жоғары инфляция аясында қабылданды. Тұрғынбаевтың айтуынша, инфляцияны Ресейден импортталатын тауарлар, оның ішінде жанармай бағасының өсуі жеделдете түскен. Сондай-ақ ол санкциялардың да әсерін атап өтті.

Bloomberg жекелей алтын қорына қатысты да жазды: Ұлттық банк басшысының айтуынша, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша алтын-валюта резервтері рекордтық 8,3 млрд долларға жеткен. Оның шамамен 70%-ы алтын түрінде сақталған. 2025 жылдың үшінші тоқсанында елдің алтын қоры 40,7 тонна болған.

Сондай-ақ оқыңыз