
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовке тиесілі іске аспай қалған зауыттың коммуникациялары туралы сұрақ қойылды.
«Әбілқайыр Ысқақовтың (Павлодар облысының бұрынғы әкімі) тұсында салынған, бірақ іске қосылмаған Талғат Ахметовтің зауытыына тиесілі коммуникациялар – кәріз жүйесі мен жылу желілері бүгінде басқа кәсіпорындар тарапынан пайдаланылып жатыр ма? Сол инфрақұрылымның қай бөлігі өзге өндірістерге қызмет етіп отыр?», – деп сұрады журналистердің бірі ОКҚ алаңында.
Асайын Байхановтың айтуынша, сода зауытын салу жобасы аясында тұрғызылған коммуникациялар бүгінде жаңа кәсіпорындарды қосу үшін пайдаланылып жатыр. Әкімнің сөзінше, зауыттың өзін іске асыру мәселесі әзірге белгісіз күйінде қалған. Себебі қосымша инвестор табылмаған. Алайда бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр.
«Соған қарамастан, коммуникациялардың өзі, әсіресе, жылу мен кәрізге қатысты желілер пайдаланылып отыр. Арнайы экономикалық аймақта жұмысын бастап жатқан өзге кәсіпорындарға техникалық шарттар берудеміз. Химия саласы мен металл өңдеу бағытындағы компаниялар келді. Осы жобалардың барлығы бойынша жаңа өндірістерді қосу үшін қолда бар қуаттарды пайдаланамыз. Тек болашақта зауытты салу мәселесіне қайта оралсақ, жылу немесе су тапшылығы туындауы мүмкін. Су мен кәріз жүйесі бойынша бұл аса күрделі мәселе болар еді, ал жылу жағынан ондай қатты қиындық болмайды», – деді облыс әкімі.
Бұған дейін Асайын Байханов журналистерге берген жауабында не үшін әлеуметтік желіге тіркелгенін айтып берген. Сондай-ақ әкім Павлодардан 6 мыңнан астам адам неге көшкенін түсіндірді.