Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршалардың шамы жағылды

Жарияланды 19 Желтоқсан 2025 10:44

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: Алматы әкімдігі

18 желтоқсанда Алматы қаласының барлық сегіз ауданында жаңа жылдық шыршалардың шамы бір мезетте жағылды. Негізгі мерекелік іс-шара Абай алаңында, Республика сарайының алдында өтті. Бұл жерде биіктігі 22 метр болатын қаланың бас шыршасы орнатылды.

Жаңа жыл қарсаңындағы салтанатты рәсімге Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен жүздеген қала тұрғыны қатысты. Бас шыршаны безендіруге 7 шақырымнан астам жаңа жылдық гирляндалар, түрлі-түсті сәндік элементтер, үлкен және кіші шырша ойыншықтары, тақырыптық әшекейлер мен жарық инсталляциялары пайдаланылды.

Салтанатты рәсім алдында Республика сарайының қасбетінде екі минуттық лазерлік шоу көрсетілді. Ғимарат бетінде Алматының өзіндік болмысын айшықтайтын жарық кескіндемелері бейнеленді. Көрнекі композицияларда таулар, бүркіт бейнесі, сондай-ақ жаңа жылдық элементтер қолданылып, қар ұшқындары мен динамикалық жарық сәулелері мерекелік атмосфераны толықтырды.

Кеш барысында қазақстандық эстрада жұлдыздары, шоу-балет артистері мен мәнерлеп сырғанаушылар «Кел, Жаңа жыл!» вокалды-хореографиялық композициясын орындады. Сондай-ақ сахнада Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, «КешYOU», «Жігіттер», «Astra» топтары, Балжан Бидаш пен Kodi өнер көрсетті.

Айта кетейік, жаңа жылдық шыршалардың шамын жағу рәсімдері қаланың барлық сегіз ауданында ұйымдастырылды. Мерекелік алаңдар Жетісу ауданындағы «Гүлдер» саябағында, Бостандық ауданындағы «Атакент» аумағында, Әуезов ауданындағы Family Park-та, Медеу ауданындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта, Алатау ауданындағы «Алматы Арена» спорт кешенінде, Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағынауданында, Түрксіб ауданындағы №6 Оқушылар үйі жанында және Алмалы ауданындағы Абай атындағы ҚазҰТОБ маңында өтті.

Сондай-ақ оқыңыз