Астана әуежайын LRT-мен байланыстыратын галерея құрылысы 21 желтоқсанда басталады

Астана халықаралық әуежайында 2025 жылғы 21 желтоқсаннан бастап Т2 жолаушылар терминалын «Әуежай» жеңіл рельсті көлік станциясымен (LRT) байланыстыратын өтпелі галереяның құрылысы басталады.
Елордалық әуежайдың баспасөз қызметі хабарлауынша, құрылыс жұмыстары 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады. Жоба авиациялық және жеңіл рельсті көліктер арасындағы ауысуды жеңілдетуге, сондай-ақ, әуежайдың көліктік қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
«Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға Т2 терминалына келу бағытын алдын ала жоспарлауды және жаңартылған қозғалыс схемасын ескеруді ұсынады. Жұмыстар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып және терминал жұмысына барынша аз әсер ете отырып жүргізіледі», – делінген хабарламада.

Құрылыс кезінде T2 терминалы аймағында көлік қозғалысының схемасы өзгереді. Жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметінің машиналары терминал шатырының астынан өтеді, CIP санатындағы жолаушылар қоғамдық көлік бағыты бойынша кіре алады. Ал қызметтік көлік, автобустар, таксилер мен жеке автомобильдер қозғалысы құрылыс алаңының қоршауларын ескере отырып ұйымдастырылады.