Жаңалықтар

Алагөзовке тиесілі Тереңқұрдағы 30 соттық жер төңірегінде дау шықты

Бақытжан Базарбек жерді 2023 жылы Алагөзовтің сатып алғанын айтты/фото: Делия Айдаралиева

Алматының Тереңқұр демалыс аймағындағы 30 соттық жерге қатысты дау туды. Жергілікті тұрғындар мен депутат Бақытжан Базарбек саябақтағы бұл жердің Тұрсынғали Алагөзовке тиесілі екенін айтады. Бір ай бұрын учаске аумағы қоршалған. Алматылықтар енді осы жерге көпқабатты нысан салынып, саябақ көркі бұзылады деп алаңдаулы. KursivMedia тілшісі Тереңқұрға барып, тұрғындар мен жауапты органдардың уәжін тыңдап қайтты.

Жамал Омарова көшесінен төмен орналасқан учаске судың жағасында тұр. Ағып жатқан су мен қоршаудың арасы шамамен – 5-7 метр. Сол жердегі баскетбол алаңының бір бүйірі мен артқы жағын қоршап тастаған.

Фото: Делия Айдаралиева

Тұрғындар не дейді?

Медеу ауданы тұрғыны Дамира Тұрсынбек жаңа нысан салмай, Тереңқұрдың қазіргі қалпын сақтап қалу керек дейді.

«Мына жерді қоршағаннан кейін адам жүретін жол тарылып, көркі қашты. Бұл жерде қаншама бала ойнайтын. Баскетбол, теннис ойнайтын жастар жиналатын жер. Керісінше балалардың ойын алаңын кеңейтіп, көркейте түсуге болар еді. Бұл халықтікі болуы керек. Тереңқұрда бұрын салынған ғимараттарды қалдырып, жаңа нысанның бой көтеруіне рұқсат бермеу керек», – дейді Дамира Тұрсынбек.

«Құрылысқа рұқсат жоқ»

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, құрылыс кодексінде тау бөктерінде құрылыс жүргізуге тыйым салынған.

фото: Делия Айдаралиева

Алматының сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арман Айшуақов та депутаттың сөзін қостады. Айтуынша, қоршалған аумақта салынуы мүмкін нысанның эскиздік жобасына рұқсат берілмеген.

«Құрылысқа ешқандай рұқсат берген жоқпыз. Заң аясында өз учаскесін қоршап қоя алады, бұл заңбұзушылыққа жатпайды. Әл-Фараби даңғылынан жоғары аумаққа көп қабатты тұрғын үй салуға рұқсат жоқ. Яғни, дәл қазір мұндай нысан сала алмайды. Оның үстіне су қорғау аумағында құрылыс жүргізуге болмайды», – дейді Айшуақов.

Қазірге дейін ешкім қандай да бір құрылыс жүргізуге рұқсат сұрап жүгінбеген.

Жердің қалай берілгені тексеріледі

Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясы басшысының орынбасары Арман Акпаров құрылыс жүргізіліп жатпағандықтан, ешқандай шара қолдана алмайтынын жеткізді.

Фото: Делия Айдаралиева

«Қазір мұнда құрылыс жүргізіліп жатқан жоқ. Заң бойынша су қорғау белдеуінде құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Қандай да бір нысан саламыз деп бізбен ешкім келісімге келмеді. Ал жердің заңды-заңсыз берілгенін анықтау үшін жер қатынастары басқармасына хат жолдадық. Басқарма тексеру жүргізеді», – дейді Арман Акпаров.

Депутат Бақытжан Базарбек Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті жердің заңды-заңсыз берілгенін тексеру қажет екенін айтты. Бұл іске кіріспесе, мәселені парламент деңгейінде көтеретінін жеткізді.