Сотта марқұм Айзат Жұманованың аурухана ішіндегі видеосы көрсетілді

Талдықорған сотында Баласаз ауылында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұманованың соңғы видеосы көрсетілді. Ол жерде әйел мүгедектер арбасында отыр.
Видеодан әйел қимыл-қозғалыссыз отырғанын байқауға болады. Жанында бір ер адам мен әйел кісі болған. Олар арбада отырған Айзат Жұманованы палатаға кіргізген, содан кейін шығып кеткен.
Содан кейін Айзатты ұрып-соққан күйеуі Айбар Жанболат (қылмыстық істегі сотталушы) келіп, маңдайынан сүйген.
Видеоны сот процесінен ақпарат таратып жүрген журналист Назымгүл Күміспаева жариялады.
Айзаттың қазасы
Қайғылы жағдай Жетісу облысы Баласаз ауылында болған. Тергеу дерегінше, 2025 жылдың 21 маусымы сағат 05:00 шамасында Айбар Жанболат тауға атпен мал бағуға кетіп, 16:30 шамасында үйіне келген. Сол кезде Жұманованың табалдырықта біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен әңгімелескенін сұраған. Жұманова жауап бермей, үйге кіріп кеткен.
Ашуланған Айбар Жанболат мотоциклге отырып, Суықсай ауылындағы дүкенге барып, 7-8 бөтелке сыра сатып алған. Жол бойы сатып алған сыраны ішкен. Үйге келген соң Жұманованың белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлесіп жүргені есіне түсіп, қызғаныш сезімі оянып, әйелін өлтіруді ойлаған.
Оқиғаны бәрі ерлі-зайыптының екіге толмаған қызының көзінше болған.