Авто

Автомобиль нарығы: жыл қорытындысы және 2026 жылға болжам

фото: shutterstock.com

2025 жыл Қазақстанның автомобиль нарығы үшін тарихи жыл болды. Сұраныстың баяулауына қарамастан, нарық тұрақты өсім көрсетіп, сатылым көлемі бойынша алдыңғы жылдарда тіркелген рекордтарды жаңартты. 11 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық дилерлер 207 616 жаңа автокөлік сатты, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6% көп. Ең ерекше ай қараша болды. Өткен айда елде 25 804 автокөлік сатылып, бұл ресми авторитейл тарихындағы айлық рекорд болды.

Сұранысқа ие көліктер

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) мәліметтеріне сәйкес, қараша айында нарық көшбасшысы Chevrolet болды. Бұл бренд қарашада 7 777 автокөлік сатып, көш бастады. Көрсеткіш өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 76% өскен. Hyundai 5 261 автокөлікпен екінші орынға шықты (+37,9%). Топ‑10 брендтер қатарына Kia, Jetour, Toyota, Chery, Haval, Changan, Geely және Jac кірді. Модельдік рейтингте ең көп сатылған автокөлік – Chevrolet Cobalt болды.

Баға, қосылған құн салығы және импорттық автокөліктер

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өседі. Бұл өзгеріс импорттық автокөліктердің бағасына тікелей әсер етеді, себебі оларды елге әкелген кезде ҚҚС есепке алынады. Импорттық автокөліктердің бағасы орта есеппен 5-10% немесе одан да көп өсуі мүмкін. Мұның бәрі модельге және жеткізу шарттарына байланысты болады.

Алайда бұл өзгерістің ел ішінде өндірілетін автоларға қатысы жоқ. Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 394-бабының 38-тармақшасына сәйкес, «көлік құралдарын немесе ауыл шаруашылығы техникаларын сату» белгілі шарттарды орындаған жағдайда ҚҚС-тен босатылады. Бұл дегеніміз ел ішінде өндірілген отандық автокөліктер импортқа салынатын ҚҚС-тың өсуіне байланысты қымбаттамайды, әрі оларға салық есептелмейді.

Алайда келесі жылы отандық нарыққа әсер ететін тағы бір фактор бар. Ол Қытай үкіметінің автокөліктердің экспортын қатаңдатуы. Қытайдан шығатын кейбір автокөліктерге жаңа талаптар қойылып, жеткізу мерзімдері ұзаруы мүмкін. Бұл шаралар импорттық автокөліктердің бағасының қымбаттауына әсер етеді. Сондай-ақ сатып алушылар үшін таңдау кезінде қосымша фактор болады. Бұрынғы жеңілдетілген экспорттық және салықтық жағдайлар қазір кейбір модельдерге қолжетімсіз. Сондықтан импорттық автокөліктердің бәсекеге қабілеттілігі азаяды.

Жергілікті өндіріс: тұрақтылық пен артықшылықтар

2025 жылы жергілікті көлік өндірісі артты. Қарашада сатылған ТОП‑10 автокөліктің барлығы Қазақстанда құрыстырылған. Елде өндірілген автокөліктердің жалпы сатылымдағы үлесі шамамен 60-65%. Автобрендтер бұл тұтынушылардың жергілікті брендке деген сенімін айғақтап отырғанын айтады.

Жергілікті өндіріс бірнеше артықшылықтарға ие: бағасы тұрақты, импорттық үлгілермен салыстырғанда арзанырақ, сервистік қолжетімділік пен қосалқы бөлшектер бар, сондай-ақ кепілдік мерзімі мен техникалық қызмет көрсету жеңілдіктері сақталған. Ал салықтан босату, бағаны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді.

2026 жылға болжам

Қазіргі деректер мен тенденцияларды ескере отырып, 2026 жылғы автомобиль нарығында бірнеше бағытта өзгеріс болуы мүмкін.

Ең алдымен, импорттық автокөліктердің бағасы өседі. Бұған себеп ҚҚС өсуі, жеткізу шығындары мен валюта ауытқулары. Ал экспортқа қойылған жаңа талаптар мен шектеулер кейбір қытайлық модельдердің жеткізілуін кешіктіруі мүмкін. Сатып алушылар сұранысы қолжетімді, сервистік қолдауы бар модельдерді сатып алуға ден қоюы мүмкін. Алайда мұндай көліктердің бағасы айтарлықтай жоғары болатыны белгілі.

Қазақстанда өндірілген автокөліктер үлесі артып, 70% немесе одан да көп болуы мүмкін. Егер қарашадағыдай маркетингтік шаралар көбейсе, жергілікті брендтердің массалық сегменттегі позициясы күшейіп, нәтижесінде модельдік қатар кеңейіп, елде өндіріс дамиды.

Қазіргі сатып алушы тек бренд пен бағаға емес, жалпы құны, кепілдік шарттары, сервистік қолжетімділік, 3-5 жылдан кейінгі құн сияқты факторларды да есепке алады. Бұл тенденция жергілікті өндірілген, сервисі дамыған және бағасы тұрақты модельдерге сұранысты арттырады.

Еске сала кетсек, бұған дейін электр көліктері туралы жазған едік. Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанға «жасыл» автоларға қатысты квотаның мерзімін ұзартқан жоқ. Демек келесі жылдан бастап қазақстандықтар электромобильдерді жеңілдікпен ала алмайды. Осылайша елімізде электркөліктер қымбаттауы мүмкін.