Жаңалықтар

Аудан әкімдері сайлауын кейінге шегеру туралы ұсынысқа ОСК жауап берді

сайлау выборы election
Фото: shutterstock

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттарының аудан әкімдері сайлауын өткізуге мораторий жариялау ұсынысына жауап берді.

ОСК ұстанымы

Орталық сайлау комиссиясы депутаттар сауалында көтеріліп отырған аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтату және саяси мораторий енгізу мәселелері ОСК құзыретіне кірмейтінін ескертеді.

«Аталған мәселелерді іске асыру Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға түзетулер енгізуді қажет етеді», – делінген жауапта.

Жалпы аудан әкімдерін сайлау елде осыдан екі жыл бұрын басталған. 2023 жылы қарашада пилоттық түрде сайланған 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қала әкімдерінің ішінен өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқан 3 әкім бар. Олар – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы (Үкімет Аппаратына ауысуына байланысты), Қызылорда облысының Шиелі ауданы (Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалуына байланысты), Жетісу облысы Кербұлақ ауданы (Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалуына байланысты). Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 2025 жылдың басынан бастап 2 қала, 6 аудан әкімдерінің сайлауы өткізілген, 2 аудан әкімінің сайлауы тағайындалған.

Еске сала кетейік, Ерлан Сайыров бастаған бір топ депутат өңірлерді дамыту туралы көптеген заңдарға қажетті нормаларды енгізгенше, аудан деңгейіндегі әкімдердің тікелей сайлауына – саяси мораторий жариялаған жөн деп мәлімдеген еді.

Мәжілісмендер ең алдымен ауыл әкімдерін сайлау жүйесі мен тетігін әбден жетілдіріп алу керек екенін айтады. «Олардың абыройын арттырып, қолына бюджет берейік. Құзыретін кеңейтейік. Осылайша, ауыл саясаткерлерінің кәсіби корпусы қалыптасады» дейді олар.