Жаңалықтар

Авиациядағы рекорд: жолаушы ағыны 26,6 миллионға жетті

Астана әуежайында дүрбелең туғызғаны үшін жолаушыға үш бірдей айып тағылды.
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанның авиация саласы 2025 жылдың он айында тұрақты өсім көрсетіп, жолаушылар мен жүк тасымалы айтарлықтай артты. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді.

Комитеттің дерегінше, қаңтар-қазан айларында әуе көлігі 26,6 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Оның ішінде отандық әуе компаниялары 13,1 млн жолаушыға қызмет көрсеткен (өсім 6,1%).

Әуежайлардағы жүк айналымы да көбейген: 140 мың тонна жүк өңделген, бұл 2024 жылдың көрсеткішінен 6,3 пайыз жоғары. Ішкі бағыттар саны 60-қа жетіп, аптасына 821 рейс орындалған.

«Халықаралық маршруттық желі 30 елді қамтитын 131 бағытқа дейін кеңейтіліп, аптасына жалпы 616 рейс орындалды. Ағымдағы жылдың 2 – 14 қыркүйек аралығында Қазақстан аумағында авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ИКАО аудиті жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ды құрады. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (72%) және ортаеуропалық деңгейден (88%) айтарлықтай жоғары. Яғни, ТМД елдері арасында ғана емес, ИКАО-ның Еуроазиялық өңірінде де ең жоғары көрсеткіштердің бірі», – делінген комитет хабарламасында.

Air Astana Boeing компаниясымен 18 дана Dreamliner сатып алу туралы 7 млрд долларлық келісімге қол қойды. Бұл Қазақстанға АҚШ-қа тікелей рейс ашуға жол ашады.

Сонымен қатар, ел бойынша жаңа әуежайлар салу, ұшу-қону жолақтарын жөндеу және әуе техникасын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл отандық әуе паркі 12 жаңа ұшақпен толықты. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылы туристерге арналған екі жаңа әуежай құрылысы басталатынын жазғанбыз. 

Қатонқарағай, Зайсан, Кендірлі аймақтарында жаңа әуежай 2026 жылға қарай ашылады. Ондағы әуе билеттерінің орташа бағасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша 20 мың теңге шамасында болады.