Жаңалықтар

Оқу сыныптарының ішінде бақылау камералары болмауға тиіс – министр Сүлейменова

Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту министрі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында мектептерге бақылау камераларын орнату мәселесі жайлы пікір білдірді.

Министр мемлекет басшысының биылғы Тамыз конференциясында айтқан «Мұғалім – мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқаратын тұлға, оның қоғамдағы орны ең жоғары деңгейде болуға тиіс» деген сөзін еске салды. Сондай-ақ Президент мектептен тыс жағдайларда болған оқиғалар үшін мұғалімдерді жауапкершілікке тарту орынсыз екенін атап өткен.

Сүлейменованың сөзінше, келер жылы педагогтердің құқықтарын нығайту мақсатында заңнамалық реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылады. Бұл өзгерістер ұстаздардың құқықтық жағдайын жақсартуға арналады. Сонымен қатар ол сыныптарға бақылау камераларын орнату мәселесіне қатысты да пікір білдірген.

«Ал, сыныптарға камера орнату мәселесіне келсек, білім беру ортасы білім мен тәрбиенің, сенім мен ашық пікір алмасудың кеңістігі болуға тиіс. Сапалы білім және тәрбие сенімділік атмосферасында ғана мүмкін. Мектепте мұғалім де, оқушы да өздерін қауіпсіз және еркін сезінуі өзекті. Қауіпсіздік үшін камералар мектептің кіреберісінде, дәліздерде, ортақ аумақтарда болуы қажет. Оқу сыныптарының ішінде бақылау камералары болмауға тиіс деп санаймын», – дейді министр.

Кеше Kursivmedia тілшісі Сенат отырысынан кейін Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебековадан мектептердегі кабинеттерге бақылау камераларының орнатылуы қаншалықты заңды екенін сұраған.

Вице-министр мұндай міндет министрлік бұйрықтарында көрсетілмегенін айтты.

«Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы бар. Ол бұйрықта камералар қойылатын орындар көрсетілген. Ол оқушылар көп шоғырланатын аймақтар: асхана, кабинеттер және мектеп аумағы. Министрлік тарапынан барлық кабинеттерге камера орнату туралы талап жоқ. Бұйрықтарда да мұндай норма жазылмаған», – деді Мелдебекова.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Халықаралық жас ғалымдар конгресінде сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пәндерді біріктіріп оқыту жөніндегі бастама тоқтатылатынын мәлімдеген еді.