Qarmet компаниясының энергетиктері мемлекеттік наградаларға ие болды

Энергетиктер күні кәсіби мерекесі қарсаңында, Qarmet компаниясының қызметкерлері құрметті мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында Qarmet компаниясына қарасты «Энергоуголь» өндірістік басқармасының электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электрмонтері Қанат Жылқашинов бар. Ол отандық энергетиканы дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды. Награданы Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов табыстады. Қанат Сабетханұлы ұзақ жылдар бойы жауапкершілігімен, техникалық сауаттылығы және таңдаған мамандығына адалдығымен ерекшеленіп, нағыз еңбек адамының үлгісін көрсетіп келеді.

«Мен энергетика саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда Qarmet компаниясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, шахталарда позициялау жүйесі іске қосылды, үлкен жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, біз көмір өндіру нысандарының бүкіл энергетикалық бөлігін тұрақты түрде қызмет көрсетіп отырамыз. Мемлекетке көрсеткен құрметі мен марапаты үшін алғыс білдіремін», – деді Қанат Жылқашинов.
Осы күні Қарағанды облысы әкімдігінде өткен салтанатты шара барысында Qarmet компаниясының Бас энергетик бөлімінің қызметкері Вячеслав Барашкинге Қарағанды облысының Құрмет грамотасы табысталды. Марапат адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және энергетика секторының сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін берілді.

«Бүгін кәсіби мерекеміз – Энергетиктер күні қарсаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан жеке еңбек үлесім үшін Қарағанды облысының Құрмет грамотасын алу мен үшін үлкен мәртебе. Биыл біз әріптестерімізбен энергетиктер мен металлургтердің бірнеше буыны армандаған істі жүзеге асырып, кәсіпорында табиғи газды пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз еттік. Қазіргі таңда комбинатты газдандырудың бірінші кезеңі аяқталды, алда екінші және үшінші кезеңдер бар. Qarmet үшін аса маңызды бұл іске өз үлесімді қосқаныма мақтанамын», – деді Вячеслав Барашкин.
Qarmet компаниясы әріптес энергетиктерді лайықты марапаттарымен құттықтайды! Баршаңызға мықты денсаулық, кәсіби табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!